Астаналық балалар жазғы демалысты қызықты әрі пайдалы өткізіп жатыр
Жаз айлары басталысымен елордада білім беру мекемелері жанынан жазғы лагерьлер ашылды. Оқушылардың демалыс уақытын тиімді әрі қызықты ұйымдастыруға Астана қаласының Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясы да атсалысты, деп хабарлады Elorda.info.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған мектеп-гимназия жанынан бірнеше жазғы тынығу лагерьлері өз жұмысын маусым айында бастап кетті.
«Алғашқы маусымда балалардың жас ерекшеліктеріне және қызығушылықтарын ескере отырып, «Каникул(ы) ОФФлайн», «Балапан», «Лингвистикалық лагерь», «Атамекен» сынды лагерьлер ашылды. Жалпы алғанда, 350-ден астам оқушы тынығу орындарында өз демалыстарын қызықты әрі сапалы өткізді», - дейді лагерь басшысы Гүлсая Махмұтова.
Балалар лагерьде өнер мен тілді үйреніп қана қоймай, озық технологияның қыр-сырымен танысып, ұлттық салт-дәстүрімізге қаныға түсті.
«Оқушылар жазғы лагерьде ARTDAY-да смарт гипстен қалып құйып дайындауды, «Relax аймағында» сурет салуды, MEDIYADAY-да мобилографияның қыр-сырын меңгеріп, FASHIONDAY-да ұлттық тақиямызды әшекеймен безендіріп, аквагрим түрін үйренді. ETHNODAY күні балаларымыз ұлттық ойын түрлерін ойнап, дәстүріміз бен тарихымыздан сыр шертетін мол мұрамен таныс болды. Балалардың бүгінгі заман талабына сай қызығушылықтарын ескеріп, робототехниканы кенде қалдырған емеспіз. Балалар жасанды интеллектпен жұмыс түрлерін үйреніп, бос уақыттарында роботтар құрастырды. COOKINGDAY күні балалар бүгінгі трендтегі «Шоколадты құлпынай», «Венгелді вафли», «Тоқаштарды әрлеу» сынды өздері қызығатын тәтті түрлерін дайындады. Поэзия кешін өткізіп, өз өнерлерін көрсетіп, солайша достарымен бос уақытын қызықты өткізді. Сонымен қатар, оқушылар «Лингвистикалық лагерьде» ағылшын тілімен қоса түрік тілін де қатар меңгерді. Тіл үйреніп ғана қоймай, сол елдің мәдениеті мен өркениетін қоса танып, білім көкжиектерін кеңейтті», - деді лагерь басшысы.
Бүгінде балалардың демалысын сапалы өткізу үшін лагерьде тәрбиеші ретінде 35 ұстаз қызмет етуде. Балаларға жазғы демалысты ұйымдастыру жұмысы әлі де жалғасын таппақ.
Ал, ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл лагерьдің басты ерекшелігі - балалардың қызығушылығын ескере отырып, болашақта өздеріне қажет болатын мамандық түрін таңдауға негіз болу.