Елордалық жастар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылған жәрмеңкеге 70 шақты мекеме қатысып, 2 мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды, деп хабарлады Elorda.info.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл - биылғы осы уақытқа дейін өткізілген алтыншы іс-шара.
Жыл аяғына дейін бұлардың саны онға жуықтайды. Алдыңғы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 200 жас жұмыспен қамтылды. Осы жолы мыңға жуық жұмыс іздеуші келіп отыр. Біз екі апта бұрын жұмыс берушілерге хабарласып, қандай бос жұмыс орнын ұсына алатындарын сұрап-білдік. Қазір университет алаңында мемлекеттік мекемелерден бастап, жеке кәсіпкерлік өкілдеріне дейін қатысып, мамандардан түйіндемелер қабылдап, әңгімелесуде, - деді Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ-нің маманы Әсел Болатқызы.
Аталған жәрмеңкеде жұмыс іздеуші жастармен қоса жоғары курстың студенттері іс-тәжірибеден өту үшін мекемелермен келісім жасады.
Осы білім ордасынан жылда 5 мың түлек бітіріп шығады. Сол студенттеріміз мамандығына сай жұмыс табуы үшін университетіміздің алаңында бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің өтуі - үлкен көмек. Университетімізде мұндай іс-шара жыл сайын екі мәрте өткізіліп тұрады. Түйіндемелерін әкеледі, жұмыс берушілермен сұхбаттасады. Әр жәрмеңкеде жүмыс іздеуші жастардың шамамен 20-30 пайызы мамандықтарына сай жұмыс тауып жатады, - деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің карьера және бизнес әріптестік бөлімі басшысы Гүлнұр Смағұлова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, таңертең 11.00-де басталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 2-3 сағатқа ұласады.
Айта кетейік, аталған ауқымды іс-шараны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ, Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ, Астана қаласы әкімдігінің "Еңбек мобильділігі орталығы" КММ және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырды.