Елордалық театрдың қойылымы жылдың үздік спектаклі атанды


Астананың Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының «Танакөз» қойылымы «Ticketon Awards-2024» нұсқасы бойынша «Жылдың үздік спектаклі» атанды, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спектакль Мұхтар Шахановтың осы аттас поэмасының желісімен қойылған. Қойылымның режиссері – Әли Бидахмет.
«Бұл – таза махаббат пен достық жайлы шығарма. Бұл мен үшін өте маңызды. Себебі қазір мұндай шынайы қарым-қатынастарды кездестіру қиын. Басты кейіпкерлер – Мұхтар мен Мұрат бала күннен таныс Танакөзге ғашық болады. Олардың бірі қыздың жанында қалады, ал екіншісі қалаға кетеді. Бірақ Мұхтар мен Мұрат достықтарын соңына дейін сақтайды», -деді режиссер Әли Бидахмет.
Қойылымға дайындыққа бір ай уақыт кеткен, себебі күрделі декорациялар қолданылған.
«Сахнада үлкен бассейн бар, жалпы су көп. Бұл – тазалықтың метафорасы. Су – бұл өмір, әрі таза сезімнің символы», - деп толықтырды режиссер.
Ол бұл спектакль арқылы Мұхтар Шахановтың шығармашылығын көпшілікке танытқысы келгенін ерекше атап өтті.
«Мақсатымызға жеткен сияқтымыз. Астаналық көрермен спектакльді тамашалады. Қойылым аншлагпен өтіп жатыр. Түркістан, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларында гастрольдік сапарда болдық, енді Алматы мен батыс өңірлерге баруды жоспарлап отырмыз. Барлық көрерменнің тамашалауын қалаймыз. Бізбен бірге автор Мұхтар Шаханов та гастрольге шығып, көрермендерге қолтаңба беріп, кітаптарын тарту етті», - деп түйіндеді Бидахмет.
Сондай-ақ «Жыл киноактері» және «Жыл актрисасы» номинациялары бойынша Дәурен Серғазин мен Айым Түсіпбекова – «Жастар» театрының актерлері марапатталды.



