Елордалық театрда маусымның салтанатты жабылу рәсімі өтті


Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры өзінің V театр маусымын М.Әуезовтың «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен салтанатты түрде жапты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Биылғы V маусымның жабылуы қазақтың ұлы ақыны, философы, сазгері және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды.
Бүгінде Музыкалық жас көрермен театрының ашылғанына бес жыл толды. Биылғы маусым да театр ұжымы үшін табысты болып, бес жаңа премьераның тұсауы кесілді.
«Бүгінгі кеш біз үшін ерекше тебіреністерге толы күн. Себебі, кез-келген театр үшін де маусымның ашылуы мен жабылуы жүректі толқытатын сәт. Әрі сіздермен бір айдай үзіліс жасап, қайтадан кездесетін сәтіміз. Өзіміздің дәстүріміз бойынша, осыдан бес жыл бұрын ашылғанда да Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен шымылдығын түрген болатынбыз. Бұл қойылым біздің театрымыздың төлқұжаты іспеттес қойылым. Осы бесінші мерейлі маусымда бес қойылымның премьерасын жасадық. Сондай-ақ, көрермендерге 266 мәрте спектакль ұсынып, бұл қойылымдарды 61 181 көрермен тамашалаған екен. Келесі театр маусымының ашылуына дейін аман-есен болайық! Елімізде тек қана ауызбіршілік болсын! Біздің театрымыздың қызметкерлері ұлттың руханиятына қызмет етуден ешқашан талмасын!», - деді театр директоры Асхат Максимұлы.
Осы маусымда театр қоржынына «Қызжылаған» драмасы, «Сылаң қыз» комедиясы, «Әміре» моноспектаклі, «S.O.S» драмасы, «Мәншүк» музыкалық драмасы еніп, 5 жаңа премьерамен толығып, театрымыздың репертуары жалпы қойылымдар саны 28-ге жетті.
Сондай-ақ, көрермендерге 266 мәрте спектакль ұсынып, бұл қойылымдарды 61 181 (алпыс бір мың жүз сексен бір) көрермен тамашалады.
«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы бүгінге дейінгі ұлы ақын жайлы қойылған шығармалардан болмысы бөлек, бейнесі ерек жаңа туынды. Балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін бұл қойылым - Абай ғұмырының бозбала кезеңінен көрініс береді.
Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім – өмірге деген құштарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің өнегесі, Ұлжандай ананың тәрбиесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, 2-ші қыркүйекте VI театр маусымының ашылуы өтеді.