Елордалық спортшылар тұрғындарға темекіні спорттық жабдыққа ауыстыруды ұсынды

Елордалық спортшылар тұрғындарға темекіні спорттық жабдыққа ауыстыруды ұсынды
Фото: Қанат Байұзақов

Астанадағы "Алматы" ауданында өткен кезекті акция аясында спортшылар қала тұрғындарына темекі өнімін спорттық құрал-жабдықтарға айырбастауды ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Темекі және вейп өнімдерін тұтыну уақыт өткен сайын артып келеді. 2025 жылғы статистикаға көз жүгіртсек, елімізде 20,7% тұрғын тұрақты түрде темекі шегеді. Мемлекет тарапынан темекі өнімін сату жасын 18-ден 21-ге көтеру, әр 6 ай сайын бағасын қымбаттату, сыртқы дизайнын түрлі жазулармен көмкеру сияқты амалдар қолға алынса да, әзірше атқарылған шаралар өз жемісін толықтай бермеді.



Бүгін осы мақсатта Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен мегаполистегі танымал спортшылар, атап айтсақ, кикбоксингтен әлем чемпионы Арсен Сойырқас, ашихара каратеден әлем чемпионы Абдулла Мусин, ашихара каратеден Азия чемпионы Махмет Эмирхан тұрғындарды зиянды әдеттен арылуға үгіттеді.

«Бала кезден спортпен шұғылданғандықтан, өмір сүру қалпымыз жүйеге қойылған. Темекі және вейп өнімдерін тұтыну жастардың арасында бос уақыттың көп болуынан деп ойлаймын. Міне, осы орайда біз зиянды заттарды шахмат, бокс қолғабы сынды жабдықтарға айырбастауды ұсындық. Жолыққан кісілердің өздері бұндай акцияға алғаш рет тап болғанын айтып, таңданыстарын білдірді», - деді кикбоксингтен әлем чемпионы Арсен Сойырқас.

Айта кетейік, бұндай акциялар бұған дейін Mega, Keruen City сынды ірі сауда орталықтарының маңында өткізіліп, алдағы уақытта қайта жалғасады.