Елордалық саябақта ORTA FEST экофестивалі өтті

Астананың Орталық саябағында ауқымды ORTA FEST экофестивалі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға экобелсенділер, қоршаған ортаны қорғаушылар және салауатты өмір салтын ұстанушылар жиналды.
Фестиваль аясында 30-дан астам қалалық қауымдастық, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының өкілдері және жастар ұйымдары қатысып жатыр.
Мұнда «Қалалық сағат» маңына биіктігі 2 метрден асатын ORTA әріптері орнатылды. Қала тұрғындары мен қонақтары оларды пластикалық бөтелкелермен және тоқыма материалдарымен толтырды.
«Міндетіміз – әріптерді толықтай толтырып, пайдаланылған шикізаттың құнды ресурс бола алатынын көрсету. Бұл – қаламыздың болашағы үшін ортақ саналы қадамымыз», - деді фестиваль продюсері Майра Измайылова.
Оның айтуынша, биыл ORTA FEST аясында эко-арт аллеясы ұйымдастырылды. Мұнда қайта өңделген және экологиялық таза материалдардан жасалған өнер туындылары қойылды.
Сонымен қатар суретшілер арасында EcoHuman байқауы өтті. Нәтижесінде 8 жеңімпазға пайдаланылған шикізаттан инсталляциялар жасағаны үшін 150 000 теңгеден табыс етілді.
Сондай-ақ Eco-Con костюмдер шеруі өтті. Шара кезінде гүл перілері жүргіншілерге күлтелер таратса, қарғалармен бірге жүрген шамандар қала тұрғындарына тілектер мен болжамдар сыйлады.
Фестиваль 10 тақырыптық аймаққа бөлінген. Әрқайсысы қаланың құндылықтарын бейнелейді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «FUNK» агенттігінің командасы елордалық суретшілер мен экобелсенділермен бірлесіп, пайдаланылған шикізаттан жасалған алып мысықты құрастырған болатын. Бұл арт-нысан Орталық саябақтағы көрнекті орындардың біріне айналды.