Елордалық оқушылар пайдалы нан өнімін ойлап тапты
Ыбырай Алтынсарин атындағы Binom School мектебінің 10 «В» сыныбы оқушылары Қарлығаш Жөкен мен Камила Амангелдинова республикалық ғылыми жобалар конкурсының қалалық кезеңінде «Биология» секциясы бойынша жеңімпаз атанды. Elordainfo.kz тілшісі «Нанды байытуда дәнді дақылдар кебектерінің ұсақ дисперсті ұнтақтарын пайдалану» тақырыбында зерттеу жүргізген оқушылармен тілдесті.
Ғылыми жоба байқауында I дәрежелі дипломға ие болған оқушылар аталған тақырыпты бір жыл бұрын таңдап, содан бері зерттеп, зерделеп келеді екен.
Алдыңғы жылдың мамыр айында осы тақырыпты зерттеуді ойластырған болатынбыз. Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының технолог маманының көмегімен жаз бойы жобамыздың тәжірибелік бөлімі бойынша жұмыстандық. Мақсатымыз құрамына дәнді дақылдардың кебектерін қосып, дәрумендер және минералдармен толықтырылған нан шығару болатын. Өйткені күнделікті дастарханымызда кең тұтынатын бидай ұнынан жасалған нан өнімдерінің тағамдық құндылығы төмен. Осыған байланысты нан-тоқаш өнімдерінің құрамын ақуыздармен, дәрумендермен, минералдармен, метаболизмге оң әсер ететін диеталық талшықтармен, полиқанықпаған май қышқылдарымен байытқан жөн. Біз нанды тойымды ғана емес, пайдалы етіп жасағымыз келді», - деді ғылыми жоба жеңімпаздарының бірі Қарлығаш Жөкен.
Қарлығаш Жөкен мен Камила Амангелдинованың айтуынша, олардың бұл тақырыпты таңдауына ең алғаш кеңес берген ата-аналары екен. Ал ұстаздары Ләзім Қасымова бұл ойларын қолдап, оқушыларға бағыт-бағдар беріп, жобаға жетекшілік етті.
«Біз осы ғылыми жобамызды қорғау арқылы аталған тақырыптың танымалдығын арттырып, кеңейте түскіміз келді. Сондай-ақ нанның адам денсаулығына пайдалы болуымен қоса, экономикалық жағынан бағасы қолжетімді болатындай етіп істедік. Біздің есептеуімізше, егер өнеркәсіпте қажетті аппараттардың барлығы болса, кәсіп иесі құнарлы нанды 250-300 теңге шамасында сата алады. Ал күнделікті сауда нүктелеріндегі қарапайым нан мен тандырдың өзі 200-250 теңге екенін ескерсек, құнарлы нан үшін біз ұсынған баға көпшілікке қолжетімді деп ойлаймыз.
Бұл зерттеу жұмысында жасымық, сұлы, қарақұмық және бидай кебегінің ұсақ дисперсті ұнтағын арнайы зертханалық шарлы диірменде ұнтақтау арқылы алып, оны кәдімгі ұнға қосып, нан өнімін шығардық. Зерттеу барысында біз дайындаған нанның 100 грамында жасымық кебегіндегі ақуыздың құрамы айтарлықтай көп мөлшерді, яғни 20%-ды құрады. Осы ретте ақуызды, негізінен, еттен алатын халқымыз үшін жасымық органикалық заттың балама көзі бола алатынын айтқымыз келеді. Ал сұлыда май, қарақұмықта талшықтың көзі көбірек екені анықталды. Сондай-ақ қарақұмықта В тобындағы дәрумендер, жасымықта С, сұлыда E дәрумені көп екені белгілі болды», - дейді жоба жеңімпаздарының бірі Камила Амангелдинова.
Қазір көпшілік ағзасының саулығымен қоса мүсінінің жинақы, әдемі болуына да мән беріп, ас мәзірінде түрлі диеталық тағамдарды пайдалануға тырысады. Бұл жағынан да олар ұсынған нан пайдалы. Өйткені оның құрамында кәдімгі бидай ұны мөлшері аз, демек калориясы да төмен, ал ондағы кебек ұнтағында талшықтар көбірек, бұл метаболизмді жақсартатыны белгілі. Бұған қоса жас ғалымдар пайдалы нан ұйқы безінің қабынуын болдырмайды деп есептеуге негіз бар екенін айтты. Себебі пайдасы аз жай наннан гөрі пайдалы нан өнімдерін жеу дұрыс тамақтанбаудың салдарынан туындайтын кейбір кеселдердің алдын алады.
Ғылыми жобалар конкурсы қалалық кезеңінің жеңімпаздары енді байқаудың республикалық кезеңіне дайындық үстінде.
Олардың айтуынша, байқау жәрмеңке түрінде ұйымдастырылмақ. Осы мүмкіндікті пайдаланып, олар өз өнімдерін көпшілікке кең таныстыруды көздеп отыр. Егер аталған өнімнің жасалу жолымен танысып, осы өнімді өндіруге қызығушылық танытатындар табылып жатса, олар өздерінің жобасын ұсынуға қарсы еместігін айтып отыр.
10 «В» сыныбы оқушылары Қарлығаш Жөкен мен Камила Амангелдинова өздерінің бұл ғылыми жобалар байқауына алғашқы рет қатысып отырғандарын айтты. Енді оқу бағдарламасы негізінде көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен еңбегін зерттеуді бастапты. Олардың айтуынша, оқушылар ұстаздың нұсқауымен оқулық хрестоматиясындағы берілген мәліметтерден бөлек, ғалым туралы өзге де еңбектерді оқып жатыр. Ауқымды материалды қысқа мерзімде оңай игеру үшін оқушылар тақырыптарды бөліп алып оқып, сол бойынша әрқайсысы арнайы таныстырылым жасамақ. Олардың айтуынша, бұл ізденістер үшін мектеп кітапханасында толық мүмкіндік бар.
Қарлығаш пен Камила өздері құралпы оқушылар тәрізді сабақтан тыс уақытта кітапханадан түрлі әдеби шығармаларды үйге жазып алып оқиды.
Камила биология, химия пәндерін ұнатады және осы бағыттарға бейімделе бастаған. Өйткені болашақ мамандығы ретінде дәрігерлікті таңдаған.
Ал Қарлығаштың тарих, қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне деген қызығушылығы жоғары. Өнерге жақын қыз мектепте мәдениет министрі, ал оның құрбысы Камила волонтерлар министрі.
Ізденімпаз оқушылар – жастайынан білім мен ғылымға ден қойып, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген мектептің мақтаныштары.