Елордалық ұландықтар жоғалған қызды анасына қайтарды
Күнделікті қала тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында Есіл ауданында патрульдік-бекеттік қызметке шыққан 5573 әскери бөлімінің жауынгерлері жоғалған қызды анасына қайтарды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кешкі сағат 21:30 шамасында Орынбор көшесінде қызмет атқарып жүрген әскери жасақ бастығы қатардағы Бөкейхан Сахынбек мен патрульдеуші қатардағы Қайыржан Жанұзақов қараусыз жүрген кішкентай қызды байқап қалған.
Әскери қызметшілер баланы көрген сәтте бірден оның жағдайын сұрап, мән-жайды анықтауға кірісті. Анасынан көз жазып қалған кішкентай Маша есімді қыз қорқып қалғандықтан, онымен жылы сөйлесіп, тыныштандырғаннан кейін ата-анасын іздеу жұмыстары ұйымдастырылды.
«Орынбор көшесінде қызметте жүргенімізде қараусыз қалған баланы байқап қалдық. Анасынан көз жазып қалған қызға жақындап, мән-жайды сұрап болған соң, тез арада іздеу жұмыстарын ұйымдастырдық», - деді қатардағы Бөкейхан Сахынбек.
Қызмет барысында қырағылық танытқан ұландықтар арада небәрі 15 минут өткен соң, баланы анасына қайтарды. Қызын аман-есен тауып алған ана өз кезегінде әскери жасаққа алғысын айтып, ұландықтардың қиын да жауапты қызметіне сәттілік тіледі.
«Бұл оқиға ұландықтардың жоғары жауапкершілігін, қырағылығы мен кәсіби шеберлігін тағы бір дәлелдеді. Ұландықтар тек қала көшелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ азаматтардың өміріне бей-жай қарамайтын нағыз батыл жандар екенін көрсетті», - деп жазылған хабарламада.