Елордалық кәсіпкерлерге түзеу мекемелерінде бизнес ашу ұсынылды
Астаналық кәсіпкерлер колониялардың аумағынан бизнес жүргізуге орынжай жалдай алады, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл ұсынысты Кәсіпкерлер палатасы «Білім беру, әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту» салалық кеңесі шеңберінде ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында Астана қаласының қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері хабарлады.
Кәсіпкерлер палатасы мен ҚАЖД бірлескен жұмысының негізгі мақсаты – сотталғандарды жұмысқа орналастыру үшін жаңа жұмыс орындарын құру.
Кәсіпкерлер үшін бұл ең төменгі бағамен ірі өндірістік алаңдарды жалға алудың жақсы мүмкіндігі. Бұған дейін өзара іс-қимылымыз кезінде бірқатар компания бірлескен өндірістік қызмет туралы келісімшарттар жасасқан болатын, ал кейбіреулері әлі де осы мекеме аумағында жұмыс істеп жатыр, – деді Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев.
Атап айтқанда, ауданы 12 гектардан асатын өнеркәсіптік аймақты игеру туралы сөз болды. Қазір онда шағын және орта бизнестің тоғыз субъекті жұмыс істейді. Қалған үй-жайлар бос. Ал оларды елордалық кәсіпкерлерге жалға беру ұсынылды.
Бұл Аршалы жақ, ауданы 2 511 шаршы метрді құрайтын МАРХИ цехы, нысанның жабыны металл, қабырғасы бетон. Терезелер, қақпалар бар. Барлық коммуналдық, инженерлік желілерге қосылған. Біз жалға беруге дайын екінші бөлме – жалпы ауданы 140 шаршы метр болатын ағаш шеберханасы. Ол әртүрлі пішіндер мен өлшемдегі ағаш бұйымдарын жасауға арналған, жөндеуі орташа, жылумен қамтылған бөлме, жақсы жарықтандырылған, ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілген, – деді Астана қаласы бойынша ҚАЖД басшысының орынбасары Рысбек Тұрғымбаев.
Серіктестіктің негізгі шарты – сотталғандарды жұмысқа орналастыру.
Олардың көпшілігінде белгілі бір жұмыс тәжірибесі бар, қалғандары оқуға дайын.
Қазіргі уақытта мекеме аумағында елордалық кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медициналық жабдықтар, арнайы киімдер, ағаштан жасалған ұлттық ыдыс-аяқтар, құрғақ құрылыс қоспаларына арналған қағаз қаптар, кәдесый жиынтықтары, барбекю, беседкалар өндірісін жолға қойды. Ал биылдан бастап мұнда елордалық аяқ киім фабрикасының цехы орналастырылды.
Айта кетейік, барлық сұрақтар бойынша қызығушылық танытқандарды Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасына Б.Момышұлы даңғылы, 2/1 мекенжайы бойынша немесе 476-286 телефоны бойынша хабарласуларын сұрайды.