Елордада жатақхана өртенді: 60 адам эвакуацияланды
Елордадағы жатақханалардың бірінен өрт шығып, 60 адам эвакуацияланды, деп хабарлады Elorda.info қалалық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астаналық өрт сөндірушілер қызыл жалынды сөндіру кезінде адамдарды құтқарды.
23 шілдеде сағат 21.57-де Астана қаласы ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелеріне Көктал ауданында жатақхана жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Елордалық өрт сөндірушілер оқиға орнына дереу аттанып, қызыл жалынды өшіруге кірісті. Өрт тез таралды, жоғары қабаттағы бөлмелерді түтін басты. Мамандар қою түтін арасында жұмыс істеді. Жатақхананың 60 тұрғыны эвакуацияланды. Тұрғындарды орналастыру мәселесін жатақхана иесі шешеді.ТЖД күштерімен өрт 22.28-де оқшауланып, 22.48-де сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ, - деп жазылған хабарламада.