Елордада жас патриоттар лагері ашылды

12 маусым, 2025
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Елордада жас патриоттар лагері ашылды
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

Астана маңында орналасқан Мичурино шағын ауданында  әскери-патриоттық «Батырлар» орталығы базасында құрылған жазғы «ALASH CAMP» лагерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Ұлттық ұланның «Жас Бүркіт» клубы тәрбиеленушілері, күштік құрылымдардың әскери қызметшілері мен құрметті қонақтар қатысты.

Ұлттық ұланның әскери қызметшілері көрермендерге арналған мазмұнды мәдени-әскери бағдарлама ұсынды. Ән-би ансамблінің солистері отансүйгіштік рухтағы әндерді шырқап, кештің шырайын аша түсті. Үлгілі-көрсетімді оркестрдің орындауындағы ерлік пен жеңісті ұлықтайтын музыкалық шығармалар көпшіліктің көңілінен шықты. Ал Құрмет қарауылы ротасының саптық дефилесі олардың кәсіби даярлығының, бірізді қозғалысы мен темірдей тәртібінің жарқын үлгісіне айналды.

Салтанатты ашылу рәсімінің құрметті қонағы ретінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов қатысты.

 «Бұл лагер  — 12 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған 10 күндік ерекше жоба. Оның басты мақсаты — жас ұрпақтың көшбасшылық қабілеттерін дамытып, физикалық және зияткерлік әлеуетін арттырумен қатар, патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Қатысушылар взводтық шатырларда тұрып, бес мезгіл тамақпен және қажетті киім-кешекпен толық қамтамасыз етіледі», - деді Қайрат Үмбетов.

Лагерь бағдарламасы теориялық және практикалық сабақтарға толы. Балалар тактикалық медицина, дрондарды басқару негіздері, жергілікті жерде бағдарлау, нысана көздеу, шахмат турнирлері мен жекпе-жек жаттығулары бойынша білім алады. Сондай-ақ шайқаста ерлікпен қаза тапқан әйелдерге арналған естелік кабинеті мен әскери тарих пен дәстүрмен таныстыратын «Сарбаз» сыныбы ерекше орын алады.

Бұдан бөлек, лагерьде киберспорт кабинеті, қару-жарақ бөлмесі мен заманауи мультимедиялық сыныптар жұмыс істейді. Мұның бәрі — жастарды заманауи түрде тәрбиелеуге бағытталған тиімді құрал.

«Батырлар» әскери-патриоттық орталығы Ұлттық ұланның тікелей қолдауымен жұмыс істейді. Ұландықтардың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «ALASH CAMP» секілді жобалар жас буынға әскери-патриоттық тәрбие берудің, азаматтық жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырудың негізгі алаңына айналуда.