Елордада жаңа мурал салынды


Елордада Сарыарқа ауданында орналасқан ғимараттардың бірінің қасбетінде Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне арналған «Ұлттық ұлан — ел айбыны» атты патриоттық мурал салынды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Муралды салтанатты түрде ашу құрметі қызмет барысында қырағылық пен жанқиярлық танытқан қос сарбаз — Даниял Сәрсенғалиев пен Нұржан Жұмабекұлына берілді. Даниял Сәрсенғалиев таяуда эпилепсиялық ұстамасы бар қызға жедел медициналық көмек көрсеткен болатын. Ал Нұржан Жұмабекұлы «Шарын» базарындағы өртті байқаған бойда тиісті қызметтерге уақытылы баяндап, оқиға орнына қосымша күш шақырып, қауіп аймағына дереу қоршау ұйымдастырған.
Бұл Сәкен Сейфуллин көшесі 9/1 мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің қасбетіне салынды.
Ол ұландықтардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен адалдық рухында тәрбиелеуге қосқан үлесін мойындаудың символына айналды.
Ұлттық ұланның бастамасымен мурал Сарыарқа ауданының әкімдігімен бірлесіп салынды.
«Бұл туынды — біздің әскери қызметшілерімізге деген алғыстың белгісі. Өнер арқылы күндіз-түні тұрақтылық пен тәртіптің сақшысы, тыныштықтың қалқаны болған жандар туралы айтамыз. Мурал жастарды патриоттық тәрбиелеудің маңызды элементіне айналатынына және Отан алдындағы борышын еске салатынына сенімдімін», - деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов.
Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Дінмұхаммед Құлдашов өз сөзінде жобаның мәдени және тәрбиелік маңыздылығын атап өтті:
«Біз қаланың сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, оны терең мазмұнмен толтыруға тырысамыз. Бұл муралдың пайда болуы әскери қызметке және маңызды міндет атқаратындарға құрметпен қарауды қалыптастырудағы оң қадам деп білеміз. Сондай-ақ қаламыздың өзіндік болмысының бір бөлігі және аудан тұрғындары үшін мақтаныш нысанына боларына күмән жоқ», - деді әкім орынбасары.
Графикалық сурет елорда тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын тудырды. Бұл — күн сайын ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндер үшін үлкен мақтаныш.