Елордада «Қытай – Орталық Азия» іскерлік кеңесінің отырысына байланысты бірқатар көше жабылады


2025 жылдың 16-18 маусымы аралығында Астанаға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ресми сапармен келеді. 17 маусым күні елордада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының қатысуымен «Қытай – Орталық Азия» іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, осы іс-шараға байланысты елордада 16-18 маусым аралығында бірқатар көшеде көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі.
Жол қозғалысы мына учаскелерде тоқтатылады:
- Қабанбай батыр даңғылы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан бастап Мәңгілік Ел даңғылына дейін;
- Мәңгілік Ел даңғылы Қабанбай батыр даңғылынан Д.Қонаев көшесіне дейін;
- Қонаев көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аралық;
- Қабанбай батыр даңғылының Қорғалжын тас жолына дейінгі бөлігі.
Сондай-ақ, 2025 жылғы 17 маусым күні мына көшелерде уақытша қозғалыс шектеледі:
- Керей-Жәнібек хандар көшесі – Мәңгілік Ел даңғылынан бастап Шерхан Мұртаза көшесіне дейін;
- Тәуелсіздік даңғылы – Керей-Жәнібек хандар көшесінен А. Байтұрсынұлы көшесіне дейін.
Бұған қоса, 17 маусымда сағат 14:00-ден 20:30-ға дейін Бейбітшілік және келісім сарайы маңындағы Қ. Аманжолов және Ж.Нәжімеденов көшелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер жол қозғалысында болатын өзгерістерді ескере отырып, бағытын алдын ала жоспарлағаны жөн.



