Елордадағы «Жігерлі жандар» парамарафонына 80-ге жуық адам қатысты

Астанада Ботаникалық бақта Конституция күніне орай ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған «Жігерлі жандар» марафоны ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Үшінші мәрте өткізіліп жатқан жүгірісте қатысушылар 1 және 3 шақырымдық қашықтықты еңсерді.
«Алғашқы парамарафонымыз Паралимпиадалық жаттығу орталығынан басталып, 30-дай ғана қатысушы жиналып еді. Міне, енді ауқымымыз кеңейіп, үшінші жарысымыз Ботаникалық бақта өтіп, ниет еткендердің қатары 80-ге дейін өсті. Біздің мақсатымыз – ерекше қажеттіліктері бар адамдарды барынша салауатты өмір салтын ұстануға шақыру», - деді Астана қаласының Паралимпиадалық жаттығу орталығының атқарушы директоры Абдусаид Назаров.
Спорттық шараға 2018 жылдан бері параспорттың серіктесі болып жүрген Dosortopedia компаниясы да атсалысып, мәреге жеткен үш қатысушыға қоларбаны сыйға тартты.
«Өзім Астана қаласында енді дамып келе жатқан пара садақ ату спортымен айналысамын. Біздің спортта негізгі күш қолға түседі. Сондықтан бүгінгі жүгірісте 3 шақырымға тіркеліп, керемет эмоция алдым. Бұйырса, алдағы уақытта да осындай шараларға қатысуға тырысамын», - деп атап өтті қатысушы Ғабдолла Түймебаев.
Іс-шараның соңында барша қатысушылар арнайы сыйлықтар мен естелік медальдарға ие болды.



