Елордадағы «Жасыл белдеу» аумағы өрттен қалай қорғалған?
Өрт – аса қатерлі жау. Күннің күрт ысуына байланысты табиғи өрттің орын алу қаупі арта түседі. Аптапта ыстық пен қуаңшылық кезеңінде ормандардағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызы өте зор. Осы орайда Elorda.info тілшісі Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлымен байланысқа шығып, «Жасыл белдеу» аумағында өртке қарсы қандай іс-шара жүргізіліп жатқанын сұрады.
Астана қаласы бойынша 12 өрт сөндіру бөлімі бар. Оның ішінде 5 бөлім Байқоңыр ауданына тиесілі. Алматы, Есіл және жаңадан құрылған Нұра ауданында екі-екі бөлімнен болса, Сарыарқа ауданында 1 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлының сөзінше, бүгінде «Жасыл белдеу» аумағында 10 бақылау мұнарасы тәулік бойы бақылау жүргізеді.
«Жасыл белдеу» аумағының жалпы ауданы 14 705,2 гектарды құрайды. Аумақты өрттен қорғау мақсатында «Астана орманы» ЖШС қызмет атқарады. Бүгінде өртке қарсы жоспар негізінде жұмыс атқарылып жатыр. Аталған жоспар бойынша 360 га аумаққа минералды жолақ салынды. Бұл өз кезегінде өрттің таралып кетпеуіне жол бермейді. Сонымен қатар «Жасыл белбеу» аумағында 10 бақылау мұнарасы бар. Онда тәулік бойы орманшылар кезекшілік атқарады. Өрт техникасының кезекшілігі 6 бағыт бойынша ұйымдастырылды. Одан бөлек орманшылар тұрғандарға өртке қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бүгінде «Жасыл белдеу» аумағында тұрғындар назарына арналған 2 ескертпе қағазы ілінген, -дейді Еркін Отарғалымұлы.
Бүгінгі таңда елордада 1500 астам өрт сөндіруші бар. Өрт сөндіретін 182 бірлік техниканың 83-і негізгі мақсатта жұмыс істесе, 29 техника арнайы, ал 70 өрт сөндіру көлігі қосымша мақсатта пайдаланылады.
Айта кетейік, басқармада мүмкін болатын табиғи жағдайларды алдын алу мақсатында жұмыс жоспары бекітілген. Ведомство аралық топтардың күшімен қала аумағында мамырдан бастап 75 рейдтік іс-шара жүргізіліпті.
Зарина Сәрсенбайқызы