Елордадағы Наурыз мерекесі: ЭКСПО алаңында мерекелік жәрмеңке өтті

23 наурыз, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордадағы Наурыз мерекесі: ЭКСПО алаңында мерекелік жәрмеңке өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елордада осы күндері Наурыз мейрамына орай мерекелік жәрмеңке өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Наурыз мейрамын тойлауға орай ЭКСПО халықаралық көрме орталығында жәрмеңке ұйымдастырылып, оған еліміздің әр өңірінен 100 тоннадан астам азық-түлік өнімдері қойылды. Мұнда жаңа піскен көкөністер мен жемістерді, ет және сүт өнімдерін, шығыс тәттілерін, бауырсақтарды және басқа да тәттілерді табуға болады.
Азық-түлік жәрмеңкесіне 50-ден астам кәсіпкер қатысты. Олардың арасында гастрономиялық өнімдерді өндірушілер де бар.

«Мерекелік жәрмеңкеге ұлттық өнімдеріміз – қымыз бен саумалдан жасалған балмұздақты ұсыну үшін Абай ауданынан келдік. Жұрт көріп таң қалды әрі мұндай ерекше өнімдерге қызығушылық танытып жатыр», - деді қатысушылардың бірі Айдын Серікқазин.

Мұнда азық-түлік өнімдерінен бөлек, қазақ мәдениетінен сыр шертетін түрлі атрибуттар қойылған. Жәрмеңкенің тағы бір бөлігі ұлттық киімдер, кәдесыйлар, картиналар, ыдыс-аяқтар, тұрмыстық заттар, төсек-орын жабдықтары және т.б. бар.

«Бұл жерде таңнан бері мерекелік атмосфера орнап тұр. Жәрмеңке өтетін орын қазақы стильде безендірілген, бұл дәстүрлі көктемгі базар сезімін тудырады. Біз өзімізге қажет нәрсенің бәрін таптық, сонымен бірге ерекше эмоцияға бөлендік», - деп өз әсерімен бөлісті қонақ Еркеназ Наухан.

Мұндай бастамалар жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға оң әсерін тигізуде.

«Бұл жәрмеңкенің басты мақсатының бірі – жергілікті отандық тауар өндірушілерді қолдау. Бұл жәрмеңке шағын кәсіпкерлердің атын шығаруға, елорда тұрғындарына сапалы өнімді қолжетімді бағамен сатып алуға тамаша мүмкіндік», - дейді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының сауда және қызметті дамыту бөлімінің басшысы Әділ Қапсалямов.

Жәрмеңке 22 және 23 наурыз күндері өтеді.