Елордада «Тіл – татулық тірегі» әдеби-танымдық сабағы өтті

Бүгін, 15:51
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views53
Елордада «Тіл – татулық тірегі» әдеби-танымдық сабағы өтті
Фото: Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Бүгін Байқоңыр ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Тіл – татулық тірегі» атты әдеби-танымдық сабақ өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Әдеби шараға Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында тіл үйренуші зейнеткерлер мен «Ұрпаққа аманат» зияткерлік клубының мүшелері, тіл жанашырлары және мектеп оқушылары қатысты.

Танымдық қазақ тілі сабағы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және тілдік қатынас арқылы ұлтаралық достықты кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Әдеби сабақ барысында зияткерлік клуб мүшелері мемлекеттік тіл тақырыбында даналық ойларын жатқа айтса, зейнеткерлерден құрылған бастауыш топ тіл үйренушілері тіл туралы қанатты сөздерді жатқа оқыды.

Сабақ барысында қазақтың ақыны Ахмет Байтұрсынұлы туралы мол мәлімет айтылды, сондай-ақ оның «Аққұм» әні орындалды.

«Тіл – татулық тірегі» атты танымдық сабағы орталықтың тіл маманы Маржан Бектұрсынқызының авторлық бағдарламасы бойынша өтіп, оған деген тіл үйренушілердің ынтасы жоғары болды.

«Байқоңыр ауданы бойынша қазақ тілі үйірмесіне 80-ге жуық зейнеткер қатысады. Олар тілді меңгеру деңгейіне қарай 6 топқа бөліп оқытылады. Өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілі сабағына қатысушы зейнеткерлердің саны күн санап артуда. Оларға тіл жанашыры, білікті маман, ардагер ұстаз Маржан Примбетова өзінің авторлық бағдарламасы бойынша дәріс береді. Сонымен қатар, зейнеткерлерден құрылған «Ұрпаққа аманат» атты зияткерлік және «Тіл шаңырағы» поэзиялық клубтары бар» - деп сөзін түйіндеді Байқоңыр ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Роза Қарабекқызы.

Кеш соңында қатысушылар М.Шахановтың  «Тіл мен Рух» әнін қосылып шырқады.

Аталған шара соңында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкерлері мен мектеп мұғалімдері, БАҚ өкілдері ұйымдастырушыларға дән ризашылықтарын білдірді.