Елордада пара үстел теннисінен алғаш рет ITTF World Para Challenger Astana 2025 турнирі басталды

Елордада пара үстел теннисінен алғаш рет ITTF World Para Challenger Astana 2025 турнирі басталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін елордада пара үстел теннисінен Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ITTF World Para Challenger Astana 2025 турнирінің бірінші жарыс күні өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына және әлем чемпионатына лицензиялық ұпай беретін айтулы бәсекеде 14 елден 140-қа жуық спортшы бас қосты.

Бес күнге жалғасатын бәсекеде 11 санат бойынша жүлделер сарапқа салынады.

«Пара үстел теннисінен ITTF World Para Challenger турнирін 2025 жылы Польша, Бразилия, Черногория, Словения, Қытай елдері қабылдады. Енді Астана қаласына кезек келді. Былтыр ITTF Fa20 Astana Para Open 2024 турнирін өткізген едік. Енді оған қарағанда деңгейі мен спортшылардың біліктілігі әлдеқайда жоғары жарысты ұйымдастыруға мүмкіндік алдық», - деді пара үстел теннис федерациясының бас хатшысы Ерлан Дусмаилов.

Бұл додада еліміздің атынан 39 отандасымыз бақ сынап жатыр. Олардың арасында Париж Паралимпиадасында тұңғыш рет өнер көрсеткен Әли Мақұлбеков, халықаралық турнирлердің жүлдегері Алтынай Ержанқызы, Александра Степанова, Ерлан Қазиев, Сәуле Айдарханова cынды танымал спортшыларымыз бар.



Сондай-ақ Астана төріне Лауренс Девос (Бельгия), Абдуллах Узтурик (Түркия), Пётр Грудзень (Польша), Раиса Чебаника (АIN), Рафал Чупер (Польша), Маршал Катарзина (Польша) сияқты 6 Паралимпиада чемпионы, 13 Паралимпиада жүлдегері, 4 әлем чемпионатының жүлдегері келді.
Жарыс жеңімпаздарының толық тізімі 3 тамызда белгілі болады.