Елордада орман-дала өртін болдырмау мақсатында оқу-жаттығу өтті
Астанадағы «Жасыл белдеуде» орман-дала өрттерін сөндіру бойынша өрт-тактикалық жұмыстар жүргізілді, деп хабарлады Elorda.info.
Оқу-жаттығу шарттары бойынша демалуға келген адамдар сөндірмей, қалдырып кеткен от ошақтары құрғақ шөптің жануына себеп болды.
Өрттің ары қарай орман белдеуіне таралу қаупі туды. Оқиға орнына Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті, Полиция департаменті, Апаттар медицинасы орталығы, «Астана орманы» ЖШС, «Жасыл-Аймақ» РММ және қаланың коммуналдық қызметтері келіп, өртті сөндіруге кірісті.
Сәлден соң қатты жел тұрып, соның салдарынан өрттің елді мекенге таралуы байқалды. Сондықтан өрт орнына «Астана орманы» ЖШС көмекші техникасы, Өрт сөндіру қызметінің, құқық қорғау орындарының күштері мен құралдары келіп жетті.
Өртті сөндіру барысында 2 қызметкер улы газбен уланып, онда апаттар мен жедел жәрдем медицинасы орталығының бригадасы зардап шегушілерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жақын маңдағы ауруханаға жеткізді.
Өрт сөндіру бөлімшелері өрт ошағына барлау жүргізіп, жедел штаб құрды және бірлескен әрекеттердің нәтижесінде өртті жойды.
Шартты түрде болған өрт оқиғасын төтеншеліктер бақылап отырды.
Бүгін 2024 жылғы республикалық командалық-штабтық жаттығу аясында Астанадағы «Жасыл белдеуде» командалық жаттығу өткізілді. Жаттығуға 10-нан астам бөлімше қатысты. Оның ішінде Астана қаласының Төтенше жағдайлар қызметкерлері, Астана қаласының әкімдігі және мемлекеттік күштер қызметкерлері бар.
Бұл оқу-жаттығуға 25 техника мен 75 адам қатысып, шартты өртті өшіру бойынша жұмылдырылған жұмыстар жүргізілді.
Жалпы, біздің техникаларымыз өрт ошағына 10 минут ішінде келе алады. Қазір өрт қаупі жоғары маусымның басталуына байланысты Астана қаласы әкімдігі, «Астана орманы» ЖШС-нен күнделікті 40-тан астам адам кезекшілік атқарады.
Сондай-ақ орман қызметкерлерімен бірлесе отырып, жылына 3 рет механикаландырылған өңдеу жұмыстары жүргізіледі, - деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мадияр Мырзагелдиев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, күн жылынғаннан кейін адамдар табиғат аясында демалуға шыға бастайды. Алайда олардың немқұрайлы әрекеті салдарынан дала мен орманда өрт тұтанып жатады. Құрғақ шөптің жануы уақытында жойылмаса, үлкен шығынға әкеп соқтыруы мүмкін.
Айта кетейік, елордада 8 сәуірден бастап өрт қауіптілігінің жоғары кезеңі басталды. Осы кезеңнің басынан бастап құрғақ шөптер мен қамыстардың 15 жануы тіркелді, оның жалпы аумағы 2 197,5 шаршы метрді құрады. Табиғи қоқыс алаңдарын жою жұмыстары жүргізілді және 149 гектардан астам қамыс пен құрғақ өсімдіктер шабылды.