Елордада оқушылар мен студенттер арасында сап және ән байқауы өтті

2 мамыр, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елордада оқушылар мен студенттер арасында сап және ән байқауы өтті
фото: ұйымдастырушылардан

Бүгін елордада 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жалпы білім беретін мектептердің 8-11 сынып оқушылары және 1-2 курс колледж студенттері арасында  «Сапта сымбатты - ұрыста айбатты» атты сап және ән байқауының ақтық кезеңі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласының Білім басқармасы мен «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығы ұйымдастырған шара «Батырлар» әскери-патриоттық тәрбие орталығының базасында өтті.

Байқау оқушылар арасында әскери қызметті насихаттау және әскери қызметке дайындау мақсатында ұйымдастырылды. Оған 24 команда қатысты.

фото: ұйымдастырушылардан

«Бүгінгі іс-шараға әр ауданнан үш командадан қатысты. Барлығы 384 оқушы мен студент қамтылды. Сап және ән байқауының бағдарламасы бойынша әр команда төраға басшысымен әскери сәлемдесіп, сапқа тұру тәсілдерін көрсетті. Одан кейін қозғалыста әскери-патриоттық  ән орындады», - деді «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні әдіскері Серікжан Күлбаев.

фото: ұйымдастырушылардан

Төрешілер шешімі бойынша үздік командалар анықталды. 

Атап айтқанда, 1-орынды Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицей командасы иеленді. Ал 2-орын Астана IT university колледжіне, 3-орын Мағжан Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназия командасына бұйырды. 

Жеңімпаздарға кубок пен медаль табысталды. Ал өзге командалар мадақтама қағаздарымен марапатталды.