Сенбі Астанада қазақы тазы көрмесі өтеді
19 қыркүйекте Астанада қазақы тазыға арналған моно тұқымдық көрме және тұқымдық байқау өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Көрме халықаралық ит көрмесі аясында ұйымдастырылып, қазақы тазыларды шетелдік сарапшыларға, кинологтарға, селекционерлерге және кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында қазақы тазылар арнайы сараптамалық бағалаудан өтіп, тұқым стандартына сәйкестігі мен тұқымдық сапалары бағаланады. Үздік өкілдер анықталып, тұқымды сақтау мен жауапты асылдандыру жұмысына ерекше назар аударылады.
Көрме сағат 10:00-де басталады. Қазақстан кинологтары одағы ұйымдастыратын шара Prestige Horse Club ат спорты клубында өтеді. Мекен-жайы Астана – Қарағанды трассасы, 82/1.
Еске салсақ, таяуда Астанада Қазақы тазы күніне орай ерекше шара ұйымдастырылды.