Елордада медресе студенттері сенбілік өткізді
Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Діндерді зерттеу орталығы және «Астана медресе» колледжінің студенттері «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағында сенбілік өткізді, деп хабарлады Elorda.info.
Діндерді зерттеу орталығының директоры Алмас Ерназаровтың сөзінше, экоакцияға 60-қа жуық адам қатысты.
Барлығымызға белгілі, елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізіліп жатыр. Бүгін қалалық Діндерді зерттеу орталығының қызметкерлері және Астана қаласының медресе колледж студенттері келіп, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Одан бөлек орталық қарияларымен кездесеміз. Жалпы сенбілікке 60-қа жуық адам қатысып жатыр. Осы уақытқа дейін Дін істері жөніндегі басқарма бастамасымен бірнеше сенбілік ұйымдастырылды, - дейді Алмас Ерназаров.
Игі бастамаға қатысқан «Астана медресе» колледжінің 2-курс студенті Мирас Серікұлының айтуынша, оқу ордасының студенттері әрқашан экологилық акцияларды қолдайды.
Біздің колледжде мұндай іс-шаралар жиі болып тұрады. Әрқашан колледж аумағында тазалық жұмыстарын жүргіземіз және осындай әлеуметтік орталықтарға көмектесіп тұрамыз. Біз әрқашан экоакцияларды қолдаймыз, - дейді елордалық студент.
Экоакция барысында орталықта әлеуметтік қызмет алушылармен кездесу ұйымдастырылды. Жиынға Ырыскелді қажы атындағы мешіттің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы қатысып, қариялар мен оларға күтім жасап отырған қызметкерлерге ризашылығын білдірді.
Біз осы әлеуметтік орталыққа жиі келіп тұрамыз. Ата-әжелеріміздің көңіл-күйін аулап, жиі сұхбат жүргіземіз. Жалпы елімізде мұндай мекемелерге көп көңіл бөлінеді. Орталықтағы қариялар жылы пейілге мұқтаж. Себебі жас келген сайын адам баласы әр нәрсеге сынмен қарайды. Сондықтан да қарияларға жақсы сөз айту оларға қуат сыйлайды, - дейді ол.
Өз сөзінде Нұрлан имам алдағы уақытта орталық қарияларын кіші қажылыққа апаруды жоспарлап отырғанын атап өтті.
Биыл күзде орталықтағы өз еркімен жүре алатын, денсаулығы жолды көтере алатын қарияларды қажылыққа апару туралы жоспарымыз бар. Біз мұндай бастаманы басқа өңірлерде дәстүрге айналдырдық. Қарияларды күтуші адамдармен алып барып, қысқамерзімді қажылыққа апаратын боламыз, - деді ол.
Кездесу соңында әлеуметтік орталық директоры Ардақ Сейітова экоакция қатысушыларына алғыс білдірді.