Елордада LRT эстакадасының тіректерін бояу жұмыстары жүріп жатыр


1 мамырдан бастап елордадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінің эстакада тіректері мен арқалықтарын сырлау жұмыстары басталды. Бұл туралы CTS баспасөз хатшысы Elordainfo.kz тілшісіне берген жауабында айтты.
Қаланың көркін арттыру үшін заманауи әрі функционалды ашық сұр (Telegrey 4) түс таңдалды.
«Аталған реңк эстетикалық жағынан тартымды ғана емес, сонымен қатар практикалық жағынан тиімді шешім. Ол шаңға, ластануға және жауын-шашынға төзімді. Сонымен қатар ультракүлгін сәулелерден, ылғалдан, температура айырмашылықтарынан және механикалық әсерлерден қорғайды. Бұл бояу экологиялық талаптарға сай және қоршаған орта үшін қауіпсіз»,- делінген CTS хабарламасында.

Мұндай тәсіл халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Мәселен, Германия, Нидерланд пен Скандинавия елдерінде ашық сұр түс сәулеттік және инфрақұрылымдық жобаларда жиі пайдаланылады.

Сингапурда LRT және MRT жүйелері қоршаған ортамен үйлесетін бейтарап және брендтік түстермен боялады. Ал Жапонияда мұндай конструкцияларды бояу эстетикалық қана емес, функционалдық рөл атқарады. Ол деформация аймақтарын анықтауға көмектесіп, қауіпсіздікті арттырады. АҚШ пен Канадада жеңіл рельсті жүйелердің элементтері абаттандыру бағдарламалары аясында безендіріледі. Бұл ретте вандализмге қарсы және жарық шағылыстыратын бояулар қолданылады.
Елордадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) желісі бойындағы сырлау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.