Елордада үкіметтік емес ұйым өкілдері бас қосты
Отырыс бүгін аталып өтіп жатқан Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлады Elorda.info.kz.
Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы беделі мен имиджін арттыру мақсатында өткен жиынға елордалық үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық ұйымдар, консультативтік кеңес мүшелері, сарапшылар мен белсенділер жиналды.
Жиынға Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева қатысып, Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің кәсіби мерекесімен құттықтады.
Бүгін Дүниежүзі бойынша ҮЕҰ күні атап өтіліп жатыр. Барлық ұйым өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Бүкіл әлемде Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық маңызы бар институт ретіндегі қызметі жоғары бағаланады. Елімізде ҮЕҰ мемлекеттік саясатты қалыптастыруға, мемлекеттің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйесін құрудағы заманауи тәсілдерді іске асыруға қатысатын азаматтық қоғамның неғұрлым белсенді бөлігі болып табылады. Бүгінгі жиынға қатысып отырған барлық ұйым қоғамда өз орнын алып үлгерді. Алдағы уақытта да өз мақсатымыз бойынша игі істер атқара береміз деп үміттенемін,- деді Бану Нұрғазиева.
Осыдан кейін сөз алған қалалық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мирас Әбдірахманның баяндауынша, былтыр елордада ҮЕҰ-дар қатысуымен 35 әлеуметтік жоба іске асқан.
Елордада қоғамдық ұйымдардың қатысуымен бірқатар түйіткілді мәселелер шешіліп келеді. Бүгінде мұндай ұйымдар мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпірге айналды. Елордалық ҮЕҰ-дар әртүрлі әлеуметтік жобаларды іске асырып жүр. Жыл сайын әлеуметтік жобалар саны артып келеді. Былтыр қалалық үкіметтік емес ұйымдармен бірге 35 әлеуметтік жоба іске асырылды. Биыл 50-ге жуық осындай жобалар іске асыру жоспарлануда,- деді М. Әбдірахман.
Астана қаласының азаматтық бастамалар орталығының басшысы Махаббат Еспенованың сөзінше, елордада 3 мыңға жуық ҮЕҰ тіркелген.
Дүниежүзілік ҮЕҰ күні 2014 жылы БҰҰ отырысында алғаш рет бекітілді. Заңнамаға сәйкес ҮЕҰ әртүрлі бағытта жұмыс істейді. Осылайша әлемде үкіметтік емес ұйымдардың маңыздылығы мен қоғамға берер пайдасы нақтыланды. Елімізде мұндай ұйымдар 17 бағыт бойынша жұмыс істейді. Мұндай ұйымдар қоғамдағы мәселені шешу бойынша құрылады. Бізде бақылаушы қызметін атқаратын ұйымдар бар. Олар мемлекеттік бюджеттің мақсатты орындалуын қадағалап отырады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің сапалы орындалып жатқанына мән береді. Осы сияқты қоғамда талқыланып жүрген мәселелерге назар аударады. Бүгінде мұндай ұйымдар арқасында көптеген мәселелер шешілді. Елордада 3 мыңға жуық Үкіметтік емес ұйым бар. Олардың саны тоқсан сайын өзгеріп отырады. Бірі өз қызметін тоқтатып жатса, бірі жаңадан құрылып жатады,- дейді Махаббат Еспенова.
Жиын соңында белсенді әрекет етіп жүрген бірқатар Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері Алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 23 мыңнан астам ҮЕҰ бар, оның 18 мыңы белсенді жұмыс істейді.
Зарина Сәрсенбайқызы