Елордада кальянға қатысты бес мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

21 шілде, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елордада кальянға қатысты бес мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
фото: freepik.com

Астана қаласының полиция департаменті кальян шегуге байланысты заңнаманың орындалуына ерекше көңіл бөлуде. Жыл басынан бері елорда аумағында осы бағытта 5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық фактісі тіркелген, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Тексеру барысында кальян шегуге тыйым салынған қоғамдық орындарда бұл талаптардың жиі еленбей жатқаны анықталған. Полиция қызметкерлері мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандарының бірлескен рейдтері кезінде көптеген мекемелерде кальян шегуге арнайы жағдай жасалғаны белгілі болды. Мұндай бұзушылықтар үшін кәсіп иелеріне айыппұл салынып, тиісті шаралар қолданылуда.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға кальян ұсыну деректері де кездесіп отыр. Бұл жағдайларда ата-аналар мен заңды өкілдер әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр.

Қазіргі таңда полиция департаменті қала аумағында кальян өнімдерін заңсыз тұтынудың алдын алуға бағытталған республикалық және жергілікті деңгейдегі арнайы іс-шаралар мен рейдтерді тұрақты түрде жүргізуде. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, мотивациялық бейнероликтер мен брошюралар арқылы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілді.

Астана қаласы полиция департаменті қала тұрғындарын қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Кальян шегу – денсаулыққа елеулі зиян келтіретін әдет қана емес, сонымен бірге қоғамдық орындардағы тыныштық пен тазалыққа да кері әсерін тигізетін теріс әрекет екенін еске салады.