Елордада энергиямен қамтамасыз ету жағдайы толық қалпына келтірілді
Астана қалалық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында «Астана қаласының электр энергетикасы саласындағы өзекті мәселелер туралы» тақырыбында онлайн брифинг өтті, деп хабарлайды Elorda.info.
Брифингке қатысқан Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов 29 қазан күні түнде болған жағдайдың толықтай қалпына келтірілгенін атап өтті.
Бүгінгі таңда кешегі төтенше жағдайдың барлық салдары жойылды. Оқиға орын алған соң шұғыл әрекет етудің арқасында жағдай екі сағат ішінде толықтай қалпына келтірілді. Барлық көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар тексерілді. Әрбір нысанды электрмен қамту толық көлемде қалпына келтірілді. Қазіргі таңда су құбырымен қатар жылу жүйесі де үздіксіз жұмыс істеп тұр, – деді Н. Нұркенов.
Сондай-ақ ол қала жарықтан ажырау кезінде әлеуметтк нысандардың электр энергиясымен қалай қамтамасыз етілгендігі жөнінде де мәлімет беріп кетті.
Төтенше жағдай орын алған сәтте қаладағы ауруханалар секілді әлеуметтік нысандар қосымша дизельді генераторлар қолдану арқылы жарықпен қамтамасыз етілді. Алайда бұл әдіспен алғашқы кезекте ота жасау блоктары мен жансақтау бөлімдері ғана қамтамасыз етілді, - деді Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары.