Елордада «Экоәлем» отбасылық шарасы өтті
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Астана қаласының 91 мектеп-гимназиясында «Экоәлем» отбасылық экостарт ұйымдастырылды, деп хабарлады Elorda.info.
Экологиялық шараға 250-ден астам оқушы, ата-аналар және мұғалімдер қатысты.
Шараға арнайы шақырылған спорт және еңбек ардагері, марафоншы Ербол Қожахметов пен жас эколог Диана Мырзағалиева спорт пен экология, қоршаған ортаның тазалығы туралы баяндады.
Алдымен сергіту сәті болып, қатысушылардың барлығы бірге жаттығу жасады. Одан кейін спорт түрлері бойынша жарысқа түсіп, экологиялық викторина сұрақтарына жауап берді.
«Көңілді старт» экологиялық эстафетасында балалар мен ата-аналар жылдамдығы мен тапқырлығын сынады. Сонымен қатар экология тақырыбында сурет салды, ересектермен бірлесе отырып, қалдықтардан түрлі бұйымдар жасады.
Жарысқа қатысушылардың өнерін «Аналар мектебі», «Әкелер кеңесі», Қамқоршылық кеңесінің төрайымы мен мүшелері бағалады.
«Бұл іс-шараның мақсаты оқушыларды, ата-аналар мен ұстаздар қауымын әлемнің, айналамыздың әдемілігіне ғана емес, таза болуына да үлес қосуға шақыру. Бәріміздің ортақ үйіміз Жер-ананы, табиғатты қорғау біздің міндетіміз», - деді №91 мектеп-гимназиясының директоры Сегізбай Алмагүл.
Отбасылық шара соңында ата-аналар мектеп аумағына гүл көшеттерін екті.