Елордада биыл тағы 300 автобус сатып алынады
Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Астана қаласы мәслихатының депутаттық корпусының белсенді қолдауымен өткен жылы автобус маршруттары оңтайландырылып, желі кеңейтілді. Бұл қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, экологиялық таза, заманауи автобустар пайдалануға беріліп, жолақы төлемін жеңілдету үшін байланыссыз карталар мен мобильді қосымшалар сияқты жаңа электрондық төлем жүйелері енгізілді. Бұдан бөлек, қаланың кейбір аудандарында жолаушылардың тығыздығын азайту мақсатында қарбалас уақытта рейстер саны көбейтілді»,- деп жазды Ерлан Каналимов.
Мәслихат төрағасы биыл тағы 300 автобус сатып алу жоспарланып отырғанын айтты.
«Елордадағы қалалық автопарк бүгінде 105 бағыт бойынша қызмет көрсететін 1 625 автобусты қамтиды. 2023–2024 жылдары елорда мәслихатының қолдауымен Қазақстанда шығарылған 706 жаңа автобус сатып алынып, автопарктің 45%-ы жаңартылды. Барлық жаңа автобустар қазір бағыттарға шығарылды. 2025 жылы тағы 300 автобус сатып алу жоспарланып отыр, бұл маршрут желісін жаңарту мен кеңейтуді жалғастыруға мүмкіндік береді»,- деп жазды ол.