00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылады

16 мамыр, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылады
Коллаж: Elordainfo.kz

Биыл елордада 206 468 оқушы жазғы лагерьге баратын болады. Қазір лагерьлер жұмысын ұйымдастыру шаралары жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлады Elorda.info.

«Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде олардың қауіпсіздігі білім басқармасының басты назарында. Жазғы демалысты ұйымдастыруға тартылған барлық мемлекеттік құрылымдардың ішінен қалалық ведомствоаралық штаб құрылып, қалалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазір, штаб мүшелері лагерьлердің дайындығын алдын ала тексеруді бастады», - деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қаирбаева.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру екі бағыт бойынша жүргізіледі – сауықтыру және жұмыспен қамту.

Қаланың білім беру ұйымдарының базасында: 97 мектеп жанындағы лагерь; оқушылардың қызығушылықтары бойынша 75 бейіндік лагерь; балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығының базасында орналасқан "Батыр" шатырлы лагері жұмыс істейтін болады. Онда 3 маусымда 150 бала қамтылады.

№ 43 қосымша білім беру мектеп-орталығында 3 маусымнан 23 тамызға дейін 720 баланы қамтитын «Ақ желкен» спорт лагері жұмыс істейді.

Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың жазғы демалысын тегін негізде ұйымдастыру үшін жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен 7326 бала тегін демалатын болады. Сондай-ақ, жақын және алыс шетелдерге туристік сапарлар кезінде 45 820 баланы қамтитын ата-аналардың есебінен демалыс қарастырылған.

Сонымен қатар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 458 бала "Бөбек", "Балдәурен-Щучинск", "Балдәурен - Қапшағай", "Балдәурен - Балқаш" республикалық сауықтыру лагерлерінде сауықтырудан өте алады.

«Екінші бағыт - жазғы кезеңде балаларды жұмыспен қамтуды ұйымдастыру үшін 200 519 баланы (99%) 4 бағыт бойынша қамту жоспарлануда. Олар: жұмыспен қамту бағыты бойынша 43 417 баланы қамтитын 116 іс-шара; шығармашылық жұмыспен қамту бағыты бойынша 99 360 баланы қамти отырып, 300-ден астам іс-шара; спорттық-туристік жұмыспен қамту - барлығы 3330 баланы қамтитын 483 іс-шара; зияткерлік жұмыспен қамту-барлығы 4848 балаларды қамтитын 11 іс-шара жоспарланған», - деді спикер.