Елордада балаларды заңсыз ақша жинауға тартқан үш қайырымдылық қор анықталды

Бүгін, 11:33
Айман Нығмет Айман Нығмет
views64
Елордада балаларды заңсыз ақша жинауға тартқан үш қайырымдылық қор анықталды
фото: Астана қаласының прокуратурасы

Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен саябақтарда, ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық көліктерде және көшелерде рейдтер жүргізілді. Рейд барысында 8 кәмелетке толмаған жасөспірімнің көшеде заңсыз түрде ақша жинауға тартылғаны анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Белгілі болғандай, үш қайырымдылық қоры ешқандай ресми келісімшарт жасамастан оларды волонтер ретінде пайдаланған. Бұл әрекет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 86-бабының 3-бөлігіне қайшы келеді.

Аталған қорлар «қайырымдылық» деген желеумен шын мәнінде басқа мақсаттарға шамамен 340 миллион теңге жинаған.

«Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекетке тартқаны үшін қор басшыларының әрекетіне де құқықтық баға берілетін болады»,- делінген қалалық прокуратура хабарламасында.

Айта кету керек, балаларды заңсыз әрекеттерге тарту Қылмыстық кодекстің 132-бабы бойынша жауапкершілікке әкеледі.

Сондай-ақ, Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандарға ерекше еңбек шарттары қолданылады:

  • 16 жастан бастап – еңбек шарты міндетті түрде жасалуы тиіс;
  • 14 жастан бастап – тек заңды өкілінің келісімімен ғана жұмысқа тұра алады.

Бұл талаптарды бұзған жұмыс берушілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 86-бабы бойынша жауапқа тартылады.