Елордада автобус жолақтарымен уақытша жүруге рұқсат етілді

20 ақпан, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада автобус жолақтарымен уақытша жүруге рұқсат етілді
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанада Қонаев көшесінде «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жанындағы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелін қайта жаңғыртуға байланысты осы жылдың 19 ақпаннан бастап жол қозғалысын ұйымдастыруға уақытша өзгеріс енгізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Тұран даңғылының Сығанақ көшесінен Қорғалжын тасжолына дейінгі аралығында көлік жүктемесін азайту үшін Bus Lane, яғни автобус жолағымен жүруге уақытша рұқсат етіледі.

Қала тұрғындары мен қонақтары елорда жолдарындағы өзгерістерге түсіністікпен қарап, назарға алуды сұраймыз», - делінген Астана қаласы әкімдігінің хабарламасында.

Жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы аяқталғаннан кейін жол белгілері қайта қалпына келтіріледі. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілердегі ресми дереккөздерде қосымша жарияланатын болады.

«Автокөлік жүргізушілерінен жылдамдық режимін сақтауды және Қонаев көшесінің жабық учаскесін назарға алып, қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының келісімі бойынша биыл 19 ақпаннан 30 қазанға дейін Қонаев көшесінің Қабанбай батыр даңғылынан Тұран даңғылына дейінгі жол бөлігі жабылды. Бұл ретте көлік қозғалысы іргелес Достық және Сарайшық көшелерімен қамтамасыз етілетін болады.