Елордада Алматы ауданының құрылғанына 25 жыл толуына орай концерт өтті (ФОТО)
Бүгін Алматы ауданы өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Осыған орай Алматы ауданы әкімдігі елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында мерейтойға орай мерекелік концерт ұйымдастырды.
Іс-шараға аудан әкімі және ауданның бұрынғы басшылары қатысты.
Әр өнерпаз сахнаға шыққан сайын аудан тарихына қатысты фильмнен үзінділер көрсетіліп тұрды.
Мерекелік концертте Досымжан Таңатаров, Қыдырәлі Болманов, Алтынай Жорабаева, Бауыржан Исаев, Нұрболат Арзамас, Ибрагим Ескендір сынды өнер жұлдыздары әннен шашу шашса, «Гүлдер» ансамблінің бишілері мың бұрала би билеп, көпшіліктің көңілінен шықты.
Ал «Алтын домбыра» жас домбырашылар ансамблі құйқылжыта күй тартып, жиналғандардың делебесін қоздырды.
«Turan» этно-фольклорлық ансамблінің өнері де көпшілікке таңдай қақтырды.
Еске салсақ, 1998 жылы 6 мамыр күні Астана қаласында Алматы ауданының негізі қаланған болатын.