00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада «Ақбұлақ» өзенінің бойына 300-дей ағаш отырғызылды

14 қыркүйек, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
Елордада «Ақбұлақ» өзенінің бойына 300-дей ағаш отырғызылды
Фото: Алматы ауданы әкімдігі

Алматы ауданы әкімдігінің бастамасымен сенбілік ұйымдастырылып, жасыл желек егілді, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

«Таза Қазақстан» экоакциясының аясында өткізілген сенбілікте «Ақбұлақ» өзенінің бойына 300-дей тал көшеттері бой түзеді.

«Бүгінгі іс-шарамызға AMANAT партиясы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері, «Астана» хоккей клубының, «Толқын» спорт кешенінің спортшылары мен бапкерлері, сондай-ақ, аудан әкімдігі аппаратымен 150-ге жуық адам атсалысып жатыр», - деді Алматы ауданы әкімі орынбасары Нұрмат Абдраимов. 

Ұйымдастырушылар бүгінгі атқарылған игі істер мен алдағы жоспарларға да тоқталды. 

«Бүгінгі сенбілікте 300-дей ағаш отырғызылса, Алматы ауданы бойынша күзгі мезгілде 5 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарда бар», - деді Алматы ауданы әкімі аппаратының өндірістік техникалық бөлім бастығы Нұрберген Нұрмұхамбет. 


Ол, сондай-ақ, биылғы сәуірден бастау алған «Таза Қазақстан» экоакциясы қарқынды жүріп жатқанын, Алматы ауданында әр апта сайын мыңдаған тұрғын сенбілікке белсенді қатысатынын айтты. Ал тұрғындар өздерінің тұрғылықты ауданының күннен-күнге көркейіп келе жатқанына дән риза. 

«Бүгін, міне, сенбілікке қатысып,ауданның тұрғыны ретінде  қаламызды көркейтуге өз үлесімізді қосып жатырмыз. Алматы ауданы әкімшілігінің осындай іс-шараны ұйымдастырып отырғанына ризашылығымызды білдіреміз. Барлық аудан тұрғындарын осындай акцияға атсалысуға шақырамыз», - деді акция қатысушысы Ислам  Ибраимов.