00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада 500-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды

28 қыркүйек, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада 500-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды
фото: freepik.com

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын және «Бизнеске жол» жобасының елордада іске асырылуы туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Шаттық Өтеев брифинг өткізді, деп хабарлады Elorda.info.

Биыл жер ресурстары, құрылыстың проблемалық объектілері, білім беру сияқты салаларда 3 сыртқы талдау жүргізілген. Нәтижесінде көптеген жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар фактілер анықталған. Мысалы, зардап шеккен үлескерлердің проблемаларын шешу үшін құрылған «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС қызметінде жалпы сомасы 339 млн теңгеге бағалар мен жұмыс көлемін көтеріп қабылдау фактісі.

Сондай-ақ инвесторлардың біріне («Алвис» ЖШС) орындалған жұмыстар үшін 871 млн теңге мөлшерінде артық төлем белгіленген. Білім беру саласындағы талдау қорытындысы бойынша мектеп бухгалтерлерінің 57,4 млн теңге жымқыру жасаған 5 фактісі анықталса, оның ішінде талдау барысында мемлекет кірісіне 29,6 млн теңге өтелді. 

Қазіргі уақытта департамент әкімдікпен бірлесіп оның құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының жер учаскелеріне құқық беру, құрылыс, сондай-ақ қала құрылысын дамыту мәселелері бойынша қызметіне талдау жүргізуде. Рекреациялық аймақтарда және әлеуметтік объектілерді салуға көзделген жерлерде тұрғын үй кешендерін және бизнес-орталықтарды салуға арналған егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларындағы өзгерістер, сондай-ақ санитариялық-қорғау аймақтарында жер беру орын алған. Мәселен, зираттан 20-28 метр радиуста жеке мектеп пен спорт кешенін заңсыз салу анықталды. Тағы бір жағдайда, зираттан 100 метрден аз радиуста жанармай құю станциясын салуға жер учаскесі бөлінген. «Президенттік парк» аумағындағы, сондай-ақ санитарлық-қорғау аймақтарындағы 3 бөлік бойынша және «Мыңжылдық аллеясы» аумағындағы 24 жер учаскесі бойынша бас жоспарға сәйкес егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары қалыпқа келтірілетін болды, - деді Ш.Өтеев. 

Сонымен қатар, «Астана-Зеленстрой» ЖШС қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне инициативті сыртқы талдау басталды, оның ішінде қаланы көгалдандыру жұмыстарының әлсіз жүргізілу проблемаларын, еңбекақы қорын, қажетті құрал-жабдық, көшеттер сатып алу және оларға қызмет көрсетуге байланысты туындайтын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін зерделеу жоспарланып отыр.

Елорданы газдандыру саласында жүргізілген мониторинг аясында 500-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Сондай-ақ коммуникацияларға қосылу бойынша елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған. Мысалы, электр желілерінің қуатын арттыру үшін «Астана - АЭК» АҚ-ға жүгінген кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою туралы департамент енгізген ұсыныстарды қарау қорытындысы бойынша 48 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 10-ы жұмыстан шығарылды.

Осы жылы департаменттің ұсыныстары бойынша мемлекеттік органдар сатып алуды қайта қарап, бюджетті 500 млн теңгеден астам үнемдеді. Мысалы, «Астана-Энергия» АҚ 171 млн теңге сомасына бульдозер сатып алуды жоспарлаған. Ұсыныстан кейін Мемлекеттік сатып алу жоспарларындағы сома 147 млн теңгеге дейін төмендетілді, тиісінше үнемдеу 24 млн теңгені құрады.