Елордада 22 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

31 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада 22 мектеп күрделі жөндеуден өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес, елімізде алдағы үш жылда 1 300 мектепті жаңғырту көзделсе, соның бір бөлігі Астана қаласында жүзеге аспақ. Осы мақсатта 2025-2027 жылдарға арналған жоспар бойынша елордада 22 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Биыл салынғанына бірнеше жыл болған, тозығы жеткен 6 білім ошағы қайта жаңартылады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жөндеу жұмысы тек инженерлік желілер мен ғимарат құрылымын қалпына келтірумен шектелмей, оқу үдерісін заманауи талаптарға сай жабдықтауды да қамтиды.

Бекітілген жоспарға сәйкес, биыл №1, 14, 21, 35, 61, 69 мектептерін қайта жаңарту жоспарланған.

Аталған мектептер 2000 жылдарға дейін салынған және соңғы 5 жылда күрделі жөндеуден өтпеген, сондай-ақ олардың материалдық-техникалық базасы төмен тозу жағдайында тұр.

Дайындалған жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, аталған мектептерде жылыту және желдету жүйелерін жаңғырту, су және кәріз желілерін жөндеу, сәулет-құрылыс бөлігі бойынша жұмыстарды жүргізу (шатырды жөндеу, қасбетті жаңарту, ішкі әрлеу, сондай-ақ ғимараттың негізгі қабаттарды ретке келтіру), қуат жабдықтары мен электр жарығын ретке келтіру, автоматты өрт дабылы жүйесі мен әлсіз ток желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде, - делінген хабарламада.

Бұдан басқа, күрделі жөндеу аясында оқу сыныптарын қосымша жарақтандыру, сандық жабдықтарды сатып алу, жиһаздарды жаңарту, қауіпсіздік жүйесін орнату, сондай-ақ асханалар, кітапханалар, спорт және акт залдары мен басқа да үй-жайларды модернизациялау жоспарланған.

Аталған жұмыс «Жайлы мектеп» жобасы аясында жасалған объектілерді жарақтандыру стандарттары, техникалық сипаттамалары мен жобалық шешімдерін ескере отырып орындалатын болады.