Елордада 200-ден астам оқушы жазғы демалыстың барлық түрімен қамтылады
Астана қаласының Коммуникациялар қызметі алаңында «Демалыс кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру» мәселесі талқыланды, деп хабарлады Elorda.info.
«Жазғы кезеңде балалардың қауіпсіз сауығуы мен демалысын ұйымдастыру мақсатында Білім басқармасы жазғы демалысты ұйымдастыру кезінде бірінші басшының дербес жауапкершілігін бекіту және мектеп жанындағы, қала сыртындағы демалыс лагерьлерінде, экскурсиялар мен туристік сапарлар кезінде, су айдындарында болу кезінде балалардың қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы бұйрық шығарды», - деді тақырып бойынша баяндама жасаған Астана каласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов.
Оның айтуынша, білім беру ұйымдарының барлық басшыларымен, соның ішінде полиция, төтенше жағдайлар, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының өкілдерін шақыра отырып, кеңестер, нұсқамалар және оқыту семинарлары өткізілді. Барлық басшыларға балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік техникасын сақтау туралы ұсыныстар, жадынамалар берілген.
«1 маусымнан 10 тамызға дейін білім беру ұйымдарында оқушылардың демалысы бойынша жазғы алаңдардың жұмысы жалғасып жатыр. 2024 жылдың жазғы кезеңінде жазғы демалыстың барлық түрлерімен 206 468 оқушы немесе 1-10 сынып оқушыларының жалпы санының 96%-ы қамтылатын болады», - деді ол.
Спикер балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру екі бағыт бойынша жүргізілетінін, онда сауықтырумен қоса жұмыспен қамту да қарастырылатынын айтты.
«Бірінші бағыт - балаларды сауықтыру және демалту. Бұл үшін қаланың білім беру ұйымдарының базасында оқушылардың қызығушылығы бойынша бейіндік лагерьлер, спорттық, «Саржайлау» этнолагері, сондай-ақ археологиялық лагерьлер жұмыс істейді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық білім беру объектілерінде бейнебақылау (11,5 мың) және дабыл түймелері орнатылды, ТЖД, полиция және денсаулық сақтау қызметкерлерімен бірлесіп персоналды оқыту жүргізілді. Қазіргі уакытта 84 білім беру ұйымдарында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1 балаға 130 мың сомасына аз қамтылған отбасылардан шыққан 4 235 балаға арналған қаладан тыс сауықтыру лагерьлеріне жолдамалар сатып алуға конкурстық рәсімдер өтті», - деді Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары.
Сондай-ақ, ата-аналардың есебінен жақын және алыс шетелдерге 45820 бала демалыспен қамтылды.