Елордада 2 600-ден астам жұмысшы қар күреуге жұмылдырылды
Астананың коммуналдық қызметтері қар күреу жұмысын тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
4 ақпанда күндізгі ауысымда елордада қар күреуге 2 630 жол жұмысшысы мен 1 783 арнайы техника шықты.
4 ақпанға қараған түні коммуналдық қызметтер 3 681 рейспен қаладан 47 мың текше метрден астам қарды шығарды.
Қыс мезгілі басталғалы қаладан полигондарға 383 545 ауыр жүк рейсімен 4 млн 897 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, онда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз», - делінген хабарламада.