Елорда мен Нұрлы кенті арасындағы қашықтық едәуір қысқарды
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, елорда маңындағы Нұрлы тұрғын алабында теміржол өткелін көшіру бойынша жұмыстар жүргізді, деп хабарлады Elorda.info.
Нұрлы елді мекені Астанадан 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Онда 1,5 мыңнан астам адам тұрады. Ауыл тұрғындары елордада жұмыс істейді, балалар қалалық мектептерде оқиды. Бұрын олар қалаға ауылдан 3 шақырым қашықтықта орналасқан теміржол өткелі арқылы жететін.
Кент пен Астана арасындағы көліктік қолжетімділікті жақсарту үшін тұрғындардың өтініші бойынша 513 шақырымдағы күзетілетін теміржол өткелі жойылып, жаңа ординатаға – Қырқыншы – ОП-42 аралықтың 515-ші шақырымына ауыстырылды. Енді Нұрлыдан өткелге дейінгі қашықтық шамамен 850 метрді құрайды.
Өткел 513 шақырым жерде болғанда, күн сайын оған жету үшін дала жолымен 2,5 шақырым жол жүруге тура келетін. Өткелді ауыстырғаннан кейін қалаға жол айтарлықтай қысқарды, - дейді Нұрлының жергілікті тұрғыны Анар Жүкенова.
Айта кетейік, тәулігіне шамамен 75 пойыз бен 3 мыңнан астам автомашина жүретін теміржол өткеліндегі қауіпсіздікті кезекші бақылайды. Кезекші үшін қауіпсіз және жайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін электр жылытумен, ауа баптағышпен, күзет-өрт дабылымен, бейнебақылау камераларымен, жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған жаңа модульдік бекет ғимараты орнатылды.