«Elorda Aqparat» медиахолдингінің ұжымы оқушылармен кездесті
Бүгін «Elorda Aqparat» медиахолдингінің мамандары елордадағы бірнеше мектепке барып, оқушылармен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл – қалалық Білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылып отырған «Мектеп және медиасауаттылық» деген жаңа жоба.
Осы жоба аясында бүгін «Астана ақшамы» газетінің журналистері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейдің мұғалімдерімен және оқушыларымен жүздесті.
Салтанатты залдағы жиынға дейін олар мектептегі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музейін аралады. Музейде Ахаңның өмірбаяны, ұлттың бүгіні мен келешегіне арнап өзінің жазған шығармалары, А.Байтұрсынұлы туралы алаштанушы ғалымдардың, зерттеушілердің шығарған туындылары, музейге сыйлыққа жиналған құнды экспонаттар бар.
Топты «Elorda Aqparat» медиахолдингі директорының орынбасары Рауан Сәбитұлы бастап барды. «Астана ақшамы» газетінің 3 бірдей қызметкері – газет қатегері Шынар Жақыпова, фототілші Сұлтанбай Сейіт және Төлен Тілеубай бар. Акті залындағы кездесуде Рауан Сәбитұлы оқушыларға ақпарат деген не, оны қалай іздеу керек, әр адамның медиасауаттылыққа дұрыс назар аударуы, әлеуметтік желілерден ақпарат алып, оны пайдалану сияқты балаларға қызықты сұрақтарға тұшымды жауап берді. Кездесу барысында оқушыларға жаңа медиа, әлеуметтік желілердегі алуан түрлі ақпарат, журналист мамандығының қыр-сыры, газеттің оқырманға көрінбейтін «кухнясы», қағаз газеттердің саны, мамандық таңдауда қателеспеу секілді тақырыптар бойынша ақпараттар берілді.
Сондай-ақ бүгін «Еlorda agpаrat» медиахолдингтің медиа мамандары Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы N56 мектеп-лицейіне барды.
Кездесу барысында «Астана ақшамы» газетімен әріптестікті қуана құптаған аталмыш білім беру мекемесінің басшысы Роман Фазылұлы елімізде қолға алынған реформаларды жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ықпалы ерекше екенін ескере келе, газет пен кітап оқудың маңыздылығын атап өтті.
Ал «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков мерзімді басылымның әр номерін шығарудағы тәжірибесімен бөлісе отырып, медиа саласының мамандары ақпаратқа қол жеткізуде қандай қиындықтар мен қызықтарды бастан өткеретінін әңгімеледі. Мектеппен әріптестік байланысты арттырып, мұғалімдер мен оқушылар арасынан газетке авторлар тарту мәселесін де қозғаған Ғалым Қосымжанұлы журналист болуға ниетті балаларды редакциямен байланыс орнатуға шақырды.
Сондай-ақ, «Ел жүрегі – елорда» атты шығармалар байқауының басталғанын, оған бас қаладағы барлық мектептердің 7-11 сынып оқушылары қатыса алатынын жеткізді.
Оқушылармен болған еркін форматтағы кездесуден кейін редакция өкілдері мектептегі кітапхана мен «Абай және Шәкәрім» орталығында болып, кітап алмасу бұрышында оқушы-оқырмандармен пікір алмасты.
Бұл жоба қазан айына дейін жалғасады.