Елордаға Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі келеді
10 қазан күні Республика күні және Астана қаласының 25 жылдығы аясында бас қалаға Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі гастрольмен келеді, деп хабарлады Elorda.info.
«Елордаға Ақ Жайықтан сәлем» атауымен өтетін концерт Музыкалық жас көрермен театрында сағат 19.00-де басталады.
Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі әйгілі скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиевтің бастамасымен 2004 жылы құрылды. 2011 жылы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен қайта жасақталды. Содан бері классикалық музыканы сүйіп тыңдайтын көрерменді сусындатып келе жатыр.
Бұл – ұлт өнерінің дамуына үлес қосып, халықтың ықыласына бөлініп келе жатқан ұжым. Оркестр құрылғалы бері мемлекетімізден бөлек, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, ұлттық музыкамызды әлемге таныстырды. Ұжымның құрамында Қазақстан мен Ресейдің белгілі музыкалық жоғары оқу орындарының түлектері, жас музыканттар, Италияның Пезаро қаласындағы опера студиясында дәріс алған вокалист және негізінен өңірдің белгілі әншілері бар. Оркестрдің бас дирижері, көркемдік жетекшісі – Асхат Хасанов.
Оркестр Алматы қаласының 1000 жылдығы және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен «Әуен - fest» республикалық камералық оркестрлер фестивалінде лауреат атанды. Белгілі дирижері, Қазақстанның халық әртісі Төлепберген Әбдіраштың 70 жылдығына арналған республикалық камералық оркестрлер фестивалінде дипломант болды. Халықаралық шығармашылық онлайн конкурста «Ішекті аспаптар оркестрі» аталымы бойынша бас жүлдені иеленді. Ал 2020 жылы Мәскеу қаласында өткен «GoodWin Art» ІІІ халықаралық онлайн байқауда «Ішекті аспаптар оркестрі» аталымы бойынша дипломант атанып, тағы бір мәрте биіктен көрінді.