Динара Сәтжан әскери өмірдің қыр-сырымен танысты


Танымал тележүргізуші Динара Сәтжан Ұлттық ұланның әскери бөлімінде қонақта болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде ол әскери өмірмен жақынырақ танысып, сарбаздардың ас мәзірінен дәм татты. Одан бөлек спорттық жарыстың куәсі болып, әскери қызметшілермен өзекті мәселелерді талқылады. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Бөлім командирі Аян Есжанов қонақтарға әскери бөлімнің макетін таныстырып, делегацияны асханаға алып жүрді. Мұнда оларға азық-түлік ассортименті көрсетіліп, дайындалған тағамдар таныстырылды. Тележүргізуші Динара Сәтжан сарбаздармен әңгімелесіп, олардың асханадағы тамақтану жағдайын және жалпы әскери қызмет туралы пікірлерін білді.
Ал спорт залында әскери қызметшілер АК-74 Калашников автоматын бөлшектеу және жинақтау шеберлігін көрсетіп, арқан тарту сайысына қатысты. Жеңімпаздарды Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов марапаттады.
Тирде қонақтар Glock-17 тапаншасынан ату дағдыларын сынап көрді. Нұсқаулықты «Бүркіт» элиталық арнайы жасағының жауынгерлері өткізді. Әсіресе, блогер Берік Әлпішев пен бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұхит Амантаев жоғары нәтижелер көрсетті. Олар ІІМ-нің бұрынғы қызметкерлері ретінде өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Сіздерге қызметтеріңіз бен елге адалдықтарыңыз үшін алғыс айтамын. Нағыз патриотсыздар! Сіздер секілді азаматтарды көргенде, еліміздің қауіпсіздігіне алаңдамаймын», - деп Динара Сәтжан ұландықтарға ризашылығын білдірді.
Іс-шара соңында генерал-майор Санжар Әділов ұландықтар мен қонақтарға алғыс хаттар табыстады.