Денсаулық сақтау министрлігі оқушылар уланған қытай снектерін сатуға тыйым салды

3 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Денсаулық сақтау министрлігі оқушылар уланған қытай снектерін сатуға тыйым салды
Фото: әлеуметтік желіден

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Ақтөбе облысындағы мектептердің бірінің оқушыларын шығу тегі күмәнді өнімдермен (снектер) жаппай улану фактісі бойынша осы өнімдер сатылатын дүкендерге мониторинг жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мониторинг барысында 1,5 мыңнан астам дүкен қамтылды. Кеден одағының техникалық регламенттерін сақтау тұрғысынан зертханалық зерттеулер үшін шығу тегі күмәнді импорттық өнімдердің (снектер) 14 үлгісі сатып алынды.

Зерттеу нәтижелері бойынша осы өнімнің құрамында дәм күшейткіштер (тағамдық қоспалар) бар екені анықталды: натрий глутаматы (Е621), натрий гуанилаты (Е627), натрий инозинаты (Е631), оларды өндірісте қолдану техрегламенттердің талаптарында белгіленбеген.

СЭБК атап өткендей, дәмді күшейткіштері бар өнімдерді шамадан тыс тұтыну үнемі артық тамақтануды ғана емес, кейіннен семіздікке әкеліп соқтырады, сонымен қатар аллергия, ас қорыту бұзылыстары, күйдіргі тудыруы мүмкін. Тағамдарды таңбалауда өнімнің атауы, сандық құрамы, тағамдық және энергетикалық құндылығы, дайындалған күні мен жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, дайындаушының, импорттаушы ұйымның орналасқан жері, ГМО бар екендігі туралы ақпарат жоқ.

Сондай-ақ өнімнің белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бағалауды растайтын сәйкестік туралы декларация жоқ. Аталған өнім бойынша жедел шаралар қабылданып, оны сатуға тыйым салынды. 

Қазіргі уақытта осы өнімді әкелуге және сатуға тыйым салынып, санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралар жүргізілуде.