Биыл «Тұран» газ жылу станциясының 1-кезеңі іске қосылады
Астанада «Тұран» газ жылу станциясының 1-кезеңі іске қосылады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elorda.info.
Құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3-ті іске қосу үшін үлкен жұмыс атқарылды. Аталмыш жылу электр орталығындағы төрт қазандықтың бәрі іске қосылды. Бұл қаланы 440 Гкал/сағатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп жазды қала әкімі.
ЖЭО-3-тің бірінші кезеңінің құрылысы қазан айында аяқталды. Нысан осы кезден бастап қалаға жылу беруді бастады. ЖЭО-3 сол жағалаудың бір бөлігін және құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жаңа аудандарды жылумен қамтиды.
Сол сияқты тіршілікті қамтамасыз ететін жаңа нысандарда жаңа қуаттар іске қосылды. Мәселен, жаңа «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясын алайық. Бұл газ жылу станциясы «Бағыстан», «Мыңжылдық аллеясы» тұрғын үй кешендері аудандарын, қаланың сол жағалауын жылумен сенімді қамтамасыз етеді. Осы жылдың соңына дейін станцияны 350 Гкал/сағ максималды қуаттылыққа дейін жеткізу бойынша іске қосу жұмысы жалғасады, - деді Ж.Қасымбек.
Сондай-ақ, желтоқсан айында қуаттылығы 350 Гкал/сағ болатын «Тұран» газ жылу станциясының 1-кезеңін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, үш нысанның күші 1140 Гкал/сағ құрайды.