Биыл Астанада жеке үйлердің жартысы газбен қамтылды
![Сабина Кәкімжан](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Биыл Астанада жеке үйлердің жартысы газбен қамтылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/12/173553450013074423.webp)
Энергетикалық сектор – экономиканың негізгі салаларының бірі. Осы бағытта биыл елордада қандай жұмыстар атқарылды? Elordainfo.kz тілшісі шаһардағы газ, жылу секілді маңызды бағыттарға шолу жасады.
Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ТЭЦ-3-тің бірінші кезегі мен «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларын іске қосу арқылы жылу қуаты 30%-ға артты. Бұл қаланың қазіргі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мысалы, қазіргі уақытта сыртқы ауа температурасы орташа минус 10-15°C болған жағдайда, жылу генерациясының профициті сағатына 1200 Гигакалорияны құрайды.
«Тұран» газ жылу станциясының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Келесі айдың ортасына дейін станцияны қосамыз және қалаға қосымша 250 Гигакалория жылу беретін болады. Былтыр Мемлекет басшысы бұл газ жылу станциясының бірінші кезеңін ашқан. Президенттің тапсырмасымен бірнеше осындай станция салынып жатыр. Мысалы, биыл «Тельман» газ жылу станциясының құрылысын бастадық. Ол да алдағы 2,5 жыл ішінде іске қосылады. Сондай-ақ ТЭЦ-3 құрылысының бірінші кезегінің жұмыстары аяқталды. Мәселен, былтыр Астанада қосымша 1100 Гигакалория жылу берілді. Жалпы қазір қала 4 мыңдай Гигакалория шығаруға дайын», - деді әкім «Жетінші арнаның» «Саясаткер» бағдарламасына жуырда берген сұхбатында.
Бүгінгі таңда «Тельман» газ жылу станциясының құрылысы жалғасып жатыр.
Келесі жылы «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станциясының құрылысы басталады. Бұл 2035 жылға дейін қаланы жеткілікті жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ тұрғын алаптарды газға қосу жұмысы жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр.
Қаланы газдандыру бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Қазіргі таңда жеке үйлердің 50%-ы газбен қамтамасыз етілген. Биыл 1500-ден астам үй газдандырылды, оның ішінде Үркер тұрғын алабы бар. Сондай-ақ Family Village қалашығындағы 468 үйге газ тарату желілері жүргізілді.
Келесі жылы Өндіріс, Garden Village және Шұбар тұрғын алаптарын газдандыру жобаларын іске асыру басталады.
ТЭЦ-тердің газға көшуі шығарындыларды 30%-ға азайтуға мүмкіндік берді, ал жалпы газдандырудың арқасында үш жыл ішінде атмосфераны ластайтын зиянды заттардың жалпы көлемі 34%-ға төмендеді.
Сабина КӘКІМЖАН