Биыл Астанада миллионға жуық жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр

29 наурыз, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Биыл Астанада миллионға жуық жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр
Фото: Instagram/jenis_qasymbek

Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Ауа райының жылынуымен қалада абаттандыру және көгалдандыру жұмысы басталды. Биыл миллионға жуық жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т.б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, барлық ауданда қоғамдық кеңістіктер (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) мен аулаларды абаттандырамыз. Қаланы аралау барысында Байқоңыр мен Сарыарқа аудандарындағы бірқатар орынға бардым. Мәселен, Уәлиханов көшесінің Бөгенбай батыр даңғылынан С.Сейфуллин көшесіне дейінгі аралығында ескі үйлер мен заңсыз сауда нысандарын бұзған соң орнына жаңа қоғамдық кеңістік салуды жоспарлап отырмыз. Алаңның жалпы көлемі 10,5 мың шаршы метрді құрайды. Онда біз ағаштар мен бұталар отырғызып, тротуарлар саламыз», - деді әкім.



Жазушылар аллеясында көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.

«Онда ірі ағаштар (100 данадан астам) отырғызу жоспарда бар. Қазір бұл аллеяда жасыл желектер отырғызу үшін орындарды дайындау жұмысы белсенді жүріп жатыр. Сарыарқа ауданындағы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – вокзал маңындағы аумақты және оған іргелес көшелерді жаңарту. Осы жоба аясында Гете көшесін «Раиса ана» мешітіне дейін абаттандыру, яғни аумақты көгалдандыру, шағын сәулет нысандарын орнату, қосымша тұрақ аймағын салу жоспарланған. Сол сияқты қауіпсіздікті арттыру мақсатында арнайы көтерілген жаяу жүргіншілер өткелдері жабдықталып, стационарлық боллардтар орнатылады. 2024 жылы Біржан Сал мен Гете көшелерін есепке алғанда, вокзал маңы аумағының бір бөлігіне ауқымды жаңарту жүргізілді. Мұнда жаңа жаяу жүргіншілер тротуарлары орнатылып, қоғамдық кеңістіктер ашылды, жасыл желектер отырғызылды және т.б. Сол сияқты «Жастар» театрының алдындағы аумаққа айтарлықтай өзгерістер енгізілді, көгалдандыру жұмысы жүргізілді және жергілікті суару жүйесі енгізілді», - деді Жеңіс Қасымбек.



Абаттандыру жұмысы биыл да жалғасып жатыр.

«Ғұмар Қараш пен Мәмбетов атындағы тарихи көшелерді жаңарту аясында 5 га аумақ абаттандырылып, ағаштар отырғызылды. Е.Рахмадиев атындағы филармонияның алдында жарықтандыру тіректерін жаңарту, заманауи көше жиһаздарын орнату және қолжетімділік қағидатын ескере отырып, жерасты өткелін реконструкциялау жоспарланып отыр», - деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.