00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Биыл Астанаға 400-ге жуық жаңа автобус қосылады

11 қыркүйек, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Биыл Астанаға 400-ге жуық жаңа автобус қосылады
фото: Оңалхан Өнерхан

Әкім осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайлы instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elorda.info.

 

Қалада 430 мыңға жуық автомобиль бар. Күн сайын облыстан қалаға қосымша 90 мыңға жуық көлік кіріп-шығады. Жол-көлік желісін жүйелі дамыту үшін көпірлер, көлік қиылыстары, жаңа көшелер салу, жол жөндеу жұмысы қарқынды түрде жүргізілуде.

Қарбалас уақытта көлік көп жүретін учаскелердің бірі – Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Тұран даңғылдары, Сарайшық, Қонаев көшелері және т.б.

Осы жылдың соңына дейін Тәуелсіздік даңғылының бойындағы жаңа көпірде көлік қозғалысын ашу бұл мәселенің ішінара шешімі болмақ. Бұл көпір жолдардағы кептелісті едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді: сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешітімен, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Момышұлы даңғылымен және т.б. қосымша байланысты қамтамасыз етеді.

Келесі жылы Тәуелсіздік даңғылының Қабанбай батыр даңғылына дейінгі жалғасын салуды бастау жоспарланып отыр. Бұл қаланың жаңа бөлігіндегі Мәңгілік ел, Қабанбай батыр даңғылдарында, Түркістан, Керей¬-Жәнібек хандар және Айтматов көшелерінде көлік ағынын сейілтеді.

Сол сияқты келер жылы Кенесары көшесінің бойында (ҚазГЮУ университеті ауданында) Есіл өзені арқылы өтетін тағы бір көпірдің құрылысын бастау жоспарда бар.

Өткен жылы Ұлы Дала даңғылының бойындағы жаңа көпір мен А62 көшесінің бойында (А91 көшесінен Астана-Қарағанды тас жолына дейінгі учаскеде) көлік қозғалысы ашылған болатын. Бұл да бірнеше көшедегі көлік қозғалысын жеңілдетті.

 

Астана қаласы әкімінің айтуынша, сонымен қатар, биыл қалаға 400-ге жуық автобус енгізілмек. Олардың бір бөлігі қазірдің өзінде желіге шығарылды. Жоғарыда айтылған шаралар, оның ішінде көшелер салу және жөндеу, ақылды бағдаршамдар орнату және автобус желілерін енгізу қаланың көлік желісін айтарлықтай жақсартады.