Белгілі журналист Төлен Тілеубайдың жаңа кітабы оқырманға жол тартты

30 желтоқсан, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Белгілі журналист Төлен Тілеубайдың жаңа кітабы оқырманға жол тартты
Фото: Т. Тілеубайдың жеке архивінен алынды

Астанада белгілі журналист, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы, әлеуметтік ғылымдар магистрі, медиазерттеуші, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының биылғы лауреаты Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Салтанатты рәсімге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зерттеуші ғалым, Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық академиясының академигі, Төлен Тілеубайдың ұстазы Зарқын Тайшыбай, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш иегерлерінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр, ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, алаштанушы ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, ақын, бард, қазақтың сары тентегі, Төленнің рухани ұстазы Қуаныш Мақсұтов, ақын, журналист Айбатыр Сейтақ, алаштанушы ғалым, медиасарапшы, Төленнің ұстазы Мейрамхан Жәпек, автордың сыныптасы, талантты суретші Дәулет Ізбасаров және зиялы қауым өкілдері, оқырмандар қатысты.

 

Тұсаукесерді айтыскер ақын, ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Айтбай Жұмағұл жүргізді. Жаңа кітаптың тұсауы кесілгеннен кейін азаматтар қаламгерге бір-бір ауыз жылы лебізін айтып, шығармашылық жолына сәттілік тіледі.

50 жас мерейтойын зор жетістіктермен қарсы алған әріптесіміздің бұл туындысы да қасиетті қаламының жүйріктігі мен еңбекке адалдығының жемісі екенін жұрттың бәрі біледі. «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» дегендей, шығармашылық адамының ең тәтті жемісі де, жетістігі мен жеңісі де шығарған кітабы екені ақиқат.

Жаңа кітап Қарағанды қаласындағы баспадан 1000 данамен жарыққа шықты. Оқыған адамды өзінің ішкі терең иірімімен баурап, түрлі ойға жетелейтін шығарманың оқырмандары көп болсын!

Шапағат ӘБДІР