Байқоңыр туризмнің ордасына айналуы мүмкін


Kazakh Tourism «Байқоңыр» кешенінде туризмді дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл туралы Kazakh Tourism баспасөз қызметі мәлімдеді. Байқоңыр болашақтың жаһандық платформасына, оқиғалық, ғылыми және өнеркәсіптік туризмнің ордасына айналуы мүмкін. Kazakh Tourism аты аңызға айналған ғарыш айлағының 70 жылдығы аясында кешенде туризмді дамыту тұжырымдамасының жобасын ұсынды. Құжат зымырандарды ұшыру аралығындағы кезеңдерде туристік экожүйені дамытуға бағытталған.
Құжат жобасы «Baikonur: from Silk Way to Milky Way» фасилитациялық сессиясында туристік сала, ғылым, бизнес және мемлекеттік сектор өкілдерінің назарына ұсынылды. Оған қатысушылар тұрақты турларды дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, жаңа маршруттар құру, Байқоңыр брендін нығайту, инвестициялар тарту және серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады.
«Байқоңыр Қазақстанның туристік, білім беру және ғылыми күн тәртібіне интеграциялану логикасында болашақ дамудың жаңа бағытын иеленуде. Бізде Байқоңырды мәдени дипломатиялық миссияны, мұражай трансформациясын және бренд дамуын біріктіретін болашақтың жаһандық платформасы ретінде дамыту бойынша нақты көзқарас бар. Зымырандарды ұшыру аралығындағы кезеңдерде турларды дамытуға назар аударамыз. Бұл тұрақты туристік ағымды қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды пайдалану тиімділігін арттыруға, кешеннің логистикасына маусымдық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Kazakh Tourism басшысы Қайрат Сәдуақасов.
Атап өткен жөн, 2025 жылы Kazakh Tourism және ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінің «Инфрақос» РМК «Байқоңыр» кешенінің алаңдарында ғарыштық туризмді, астротуризмді және мәдени-танымдық туризмді бірлесіп дамыту бойынша консорциум құрды.