Балаларға қуаныш сыйлаған алаң: Астанада жаңа кеңістік ел игілігіне берілді

14 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Балаларға қуаныш сыйлаған алаң: Астанада жаңа кеңістік ел игілігіне берілді
Фото: Василий Крась

Астана қаласындағы Ықылас Дүкенұлы көшесі мен Республика даңғылының қиылысында орналасқан жаңартылған балалар ойын алаңы мен скейт-саябақ қала тұрғындарының үлкен қуанышына айналды. Қоғамдық кеңістікте бой көтерген бұл нысан – тек ойын алаңы ғана емес, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған жарқын, қауіпсіз және заманауи ортаның үлгісі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Алаңда скейт-саябақ пен түрлі ойын кешендерімен қатар, балалар мен ересектердің дене шынықтыруын дамытатын спорттық құрылғылар да орнатылған. Бұл – салауатты өмір салтын бала жастан қалыптастыру мен қала тұрғындары арасында кеңінен насихаттауға бағытталған нақты қадам.

Аталған алаң – аудан аумағында жүргізіліп жатқан кең көлемді абаттандыру жұмыстарының бір бөлігі. Бұл жөнінде елорданың "Сарыарқа" ауданы әкімінің орынбасары Ержан Жұмағұлов мәлімдеді:

"Сарыарқа" ауданында абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Біздің мақсатымыз – тұрғындар үшін қолжетімді, заманауи әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру. Айдың басында 16 аула алаңы пайдалануға берілді. Бүгін жаңарған «Иллюзия» қоғамдық кеңістігін ашып отырмыз. Сонымен қатар Республика даңғылы, 7/1 мекенжайындағы тағы бір демалыс аймағын да абаттандырдық. Бұл жұмыстар қаламыздың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады".

Айта кету керек, 2025 жылы «Сарыарқа» ауданында 30-дан астам аула аумағы абаттандырылып, тұрғындар игілігіне берілмек. Сонымен қатар қазір бос жатқан екі аумақта халықтың демалысы мен жайлылығы үшін жаңа қоғамдық кеңістіктер салу жоспарланған.

Осындай игі бастамалар елорда тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, әсіресе балалар үшін қауіпсіз әрі бақытты орта қалыптастыруға жол ашады.

Жаңартылған "Иллюзия" қоғамдық кеңістігінің ашылу салтанаты есте қаларлықтай өтті. Балаларға арналған аниматорлар шақырылып, түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылды. Көңілді атмосферада өткен шара балалардың ғана емес, ата-аналардың да көңілінен шықты.

Аудан тұрғыны Сәрсенбай Әбіл өз ризашылығын былай жеткізді:

«Балаларға арналған жаңа ойын алаңы көздің жауын алатын көркем туындыға айналыпты. Бұған дейін де бұл жерде ойын алаңы болған десек те, дәл осындай тартымды, заманауи кейіпке енбеген еді. Қала және аудан әкімдіктеріне зор алғысымызды білдіреміз. Жөндеу жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, балаларға қуаныш сыйлағандарыңыз – шынайы жанашырлықтың көрінісі. Мұндай игі іс – өскелең ұрпаққа деген қамқорлықтың нақты белгісі деп білеміз. Барша жауапты мекемелерге мың алғыс!».


Мұнда балаларды жарақаттан қорғайтын қауіпсіз жұмсақ төсеніш төселіп, кең заманауи скейт алаңы орнатылған. Жүгіретін арнайы жол жасалған. Спорттық тренажерлар қойылған. Сырғанақтар кешені де қарастырылған. Көлеңке беріп тұрған ағаштар отырғызылған. Тынығып демалу үшін көше орындықтары да барынша қолайлы етіп жасалған.

Бұл ойын алаңы мен қоғамдық кеңістік – қала әкімдігінің балалар мен барлық жастағы қала тұрғындарына жайлы орта құру жолындағы тың жобалардың бірегейі.

Аяулым Құдайберген