00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Ажал әкелетін ашық құдық»: «Қауіпсіз люк» жобасы мәселені шеше ала ма?

9 маусым, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Ажал әкелетін ашық құдық»: «Қауіпсіз люк» жобасы мәселені шеше ала ма?
фото: Оңалхан Өнерхан

Қазір елеусіз нәрседен қауіп-қатер мен үрей көп. Тұрғын үй, мектеп пен жол бойында саңырауқұлақтай қаптаған құдықтар өзіндік техникалық сипаттарға ие. Ашық жатса, оң-солын білмейтін бала түгілі, ересек адамның өзі құлауы мүмкін. Ажалдың апанына айналған кәріз құдықтары жайлы көп айтылып жүр. Елордадағы «Абылай хан-2» тұрғын үйі ауласына жаңа люктің орнатылғанын естіген бойда Elorda.info тілшісі елеусіз мәселені назарға алып, қауіпсіз люк жасаған азаматтармен кездескен еді.

Астанада жыл басынан бері 2065 құдық ашық қалған. «iKOMEK109» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығына түскен шағымдардың 2008-і ескеріліп, құдық жабылған. Ал қалған 57 өтініш бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Көбіне осындай құдықтардың қақпағы темірден жасалады. Сондықтан болар, оны көше кезген қаңғыбастар да, ақшаның көзіне айналдырып алған ұрылар да жиі алып кетеді. 

Оқи отырыңыз: Биыл Астанада 2065 құдық ашық қалған

WhatsApp Image 2023-06-05 at 12.30.01 (3).jpeg

Полиция департаментінің дерегіне сәйкес, биыл қалада темір люкті ұрлау дерегі тіркелмеген. Тұрғындар шағымы арқылы анықталған 2065 құдықтың қақпағы ұрылардан басқа кімге керек болды деп ойланып қалдық. Ведомство өкілі «ұрлық дерегі тек арыз жазу арқылы тіркеледі» деп қысқа қайырды. Көшеде «тегін жатқан» «құнды тауарға» құныққандар амалын тауып, сап-сау дүниені жоқ қылады. Ал оның жүргіншілерге қауіп-қатері қаншалықты екенін біз айтпасақ та белгілі. 

Елордалық Артур Баймаханов пен Ернар Бегалиевке ересектер мен балалардың шұнқырға құлап, оның арты қайғыла оқиғаға ұласып жатқаны қауіпсіз люк жасауға түрткі болған. Жобаның бірлескен авторы Артур Баймаханов дәл осылай 11 жасар жиенінен айырылған. 

WhatsApp Image 2023-06-05 at 12.30.01 (1).jpeg

Біз танысқан «Қауіпсіз люк» әлеуметтік жобасы ашық қалған құдықтардың салдарынан туындайтын оқыс оқиғаны азайтады. Қақпақтың ішінде аралығы 14-15 сантиметр болатын екі темір кедергі қойылған. Ернар Бегалиевтың сөзінше, бұл жоба бір жылға жуық дайындалған.

Басты мақсатымыз - адамдардың қауіпсіздігі. Шындығында, қазір көшеде шұнқыр қақпақтарын ұрлау жағдайлары өте көп, әсіресе, оған балалар құлап кетеді. Құлау салдарынан олар жарақат алады. Бізде мұндай оқиғалар көп. Егер люк ашық қалса, бұл құлаудың алдын алады. Көліктер де жүре алады, - дейді жобаның бірлескен авторы. 

Мемлекеттік стандартқа сәйкес жасалған қауіпсіз люктің басқалардан айырмашылығы – аралығы 14-15 сантиметр болатын екі темір кедергі. Қақпағы ұрылардың қолына түскен кезде ашық қалған шұңқырға ешкім түсіп кете алмайды. Жобаны іске асыру кезінде бас-аяғында жүрген «Aziyastroy Kz» ЖШС құрылтайшысы Ғалым Сағатбекұлы темір кедергілер 25 тоннаға дейінгі салмақты көтеретінін жеткізді. 

Жоба авторлары мемлекеттік қызметкерлер болғандықтан, оны іске асыру біздің құрылыс компаниясына бұйырды. Олар барлық сызбасын өздері дайындап берді. Патент бар. Осы уақытқа дейін «Қауіпсіз люк» жобасы еліміз бойынша барлық әкімдіктерге жіберілді. Әзірге тек Қызылорда облысы ғана қызығушылық танытып отыр. Бұл люк тек адамдардың қауіпсіздігі ғана емес, көліктердің де жағдайын ескерді. Ашық құдыққа көліктердің дөңгелегі түсіп, жүргізушілерді әуреге салады ғой. Әзірге елордада «Абылай хан-2» тұрғын үй кешенінің ауласында тек бір данасы ғана қойылды.  Негізі ортану жұмысын наурыз айында бастап кетуіміз керек еді. Бірақ біз әлі де орнату немесе ауыстыру жұмыстарын жүргізуге рұқсат күтіп отырмыз,- дейді Ғалым Сағатбекұлы.

WhatsApp Image 2023-06-05 at 12.30.00 (1).jpeg

Шымкент қаласында жасалған люктің әзірге 2000 данасы дайын. Қауіпсіз люктен де жарақат алу қаупі бар. Бірақ, авторлардың сөзінше, бұл кедергілер бір мезетте шұнқырға түсіп кетуге мүмкіндік бермейді.

Мәселенің барлығы ұрылардың темір қақпақты ұрлап, шұңқырдың ашық қалуынан туындап отыр. Мына кедергілер арқылы қол немесе аяқпен ілініп қалса да, әйтеуір аман қалады ғой. Шұңқырдың ішінде не барын білмейміз, қатты құлағаннан адам өліп кетуі мүмкін. Біз адам өмірін сақтап қалуды көздейміз, - дейді жобаның бірлескен авторы Ернар Бегалиев.

WhatsApp Image 2023-06-05 at 12.31.44.jpeg

Әлеуметтік «Қауіпсіз люк» жобасы былтыр қараша айында «Астана Су Арнасы» қызметкерлеріне таныстырылған. Бірақ мамандар кішігірім техникалық өзгеріс жасау туралы ұсыныс білдіріпті.

Екі темір кедергі «Астана Су Арнасы» қызметкерлерінің жұмысына еш кедергі келтірмейді. Мысалы, егер мамандар шұңқыр ішіндегі су құбырындағы ақауды ретке келтіру үшін мына екі кедергі темірді алып тастауы керек. Оларды оңай алып-салу үшін екі темір кедергісіндегі бұрандасын өзгертуді ұсынды. Біз оны практика жүзінде түзетуге тырысатын боламыз. Негізі осы тұрғын үй ауласына қою үшін пәтер иелері кооперативінен рұқсат алып, тегін қойдық. Бірақ алдағы уақытта рұқсаттан бөлек орнату үшін қаражат керек, - дейді Ғалым Сағатбекұлы.

WhatsApp Image 2023-06-05 at 12.30.01 (2).jpeg

WhatsApp Image 2023-06-05 at 12.30.00 (2).jpeg

Қауіпсіз люктің бір данасы орта есеппен 70-80 мың теңге. Оның құны салмағына қарай белгіленеді. Одан бөлек қалада люктердің түрі көп, салмағы да әртүрлі болады. Біз танысқан шұнқыр қақпағының салмағы 40 келі, оның сыртқы жабындысы - 90 келі. Ал әрқайсысы 13 келідей тартатын темір кедергілер ұрыларға қомақты қаржы бермейтіні анық. Жобаны іске асырған құрылыс компаниясы жыл соңына дейін қала бойынша қауіпсіз люк орнатуды жоспарлап отыр. Ең алдымен, балалар көп жүретін мектеп және тұрғын үй аулаларына орнатпақ.

WhatsApp Image 2023-06-05 at 12.31.44 (1).jpeg

Сұхбат барысында қауіпсіз люктің беріктілігін тексерген едік. Байқағанымыздай, екі темір кедергі көліктің салмағына «мыңқ» еткен де жоқ. Осы кезде бұл көріністі алыстан тамашалап тұрған әже жанымызға келіп, өзінің таңдасын білдірді. 

Көшеде қаптаған люкті көрсем, дірілдеп өтем. Талай адамның осындай шұңқырды басып, ішіне түсіп кеткенін көрдік. Әсіресе, ондай оқиғалар жылыту маусымы кезінде көбейеді. Далада зыр жүгіріп жүрген балаларға қиын. Сосын мұндай жермен бала арбасымен өткенде де қорқынышты. Көп жағдайда люкті баспай, айналып өтемін. Осындай дүние ойлап тапқандарына ризамыз. Мына жігіттерге мың алғыс! - деді қорқынышы мен ризашылығын қатар жеткізген елорда тұрғыны. 

WhatsApp Image 2023-06-05 at 12.31.43.jpeg

Өкінішке қарай, қала тұрғыны айтып отырған күмән орынды.  Бір қарағанда ашық жатқан құдық мәселесі шу шығарардай емес, көз үйренген қарабайыр дүние сияқты. Алайда кей құлаған адамның өмірін жалмап жатқанда бейжай қарау мүмкін емес. Әсіресе, балалар мен қарт кісілерге қиын. Сондықтан тұрғындардың шыр-пыр болатын жөні бар. Ал біз танысқан қауіпсіз люк шынымен де қоғам арасындағы қорқынышты азайтады деген үміт бар.

Зарина Сәрсенбайқызы